Білім

Ә.Марғұлан атындағы археология институты филиалының мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізгелі жатыр

Осыдан бірнеше ай бұрын Қозыбаев университетінің қабырғасында Ә.Марғұлан атындағы археология институтының филиалы ашылды. Бүгін осы филиал өкілдері астаналық әріптестерімен бас қосып, алдағы жоспарды талқылау үстінде. Жоспар ауқымды. Мамандар жаз шыға Солтүстік Қазақстан жерінде зерттеулер жүргізбек.

АҚАН ОҢҒАРҰЛЫ, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры, Астана қаласы:

– Солтүстік Қазақстан облысындағы барлық ескерткіштердің тізімін жасау ойымызда бар. Себебі, қанша ескеркіш бар екенін білмейінше, ары қарай жұмыс жасау мүмкін емес. Солтүстік Қазақстан өлкетану музейінде жұмыс жасаймыз. Ол жерде 300 мыңнан астам қор бар. Оны біз маман ретінде археолог, антропологтарды тарта отырып, жұмыс жасайтын боламыз.

Мамандар зерттеу жұмысын тас дәуіріндегі ескерткіштерден бастамақ. Олар өзге ғалымдардың еңбектеріне толықтыру енгізуді мақсат етіп отыр. Бұл маңызды іске студенттер де қатысып, өндірістік тәжірибеден өте алады.

АҚМАРАЛ ЫБЫРАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректор кеңесшісі:

– Өңірімізде Түркі, Алтын Орда, Қазақ хандығы кезеңі толық зерттелмеген. Оның алдындағы тас ғасыры, ерте темір дәуірлері зерттелінген болатын. Зерттелмей қалған дүниелерді филиалмен бірге зерттейміз. Ескі ескерткіштер қай жерде орналасқан, қандай жаңа ескерткіштер барын іздестіріп, қазба жұмыстарын жүргіземіз.

Ә.Марғұлан атындағы археология институтының филиалы еліміздің бірнеше аймағында ашылған. Алдағы уақытта тізімге Батыс Қазақстан да қосылады деген жоспар бар.

 

Гульден Симбаева