Спорт

Солтүстікқазақстандық бұрымды асық атудан Еуразия кубогын иеленді

Бес асықты қолында үйіріп отырған епті қыздың есімі – Сәния Зейкенова. Шалақындық бұрымды ұлттық спорт түрімен 7 жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді. Осы уақыт аралығында нәзікжандының жеткен жетістіктері аз емес. Қоржынға салған соңғы марапаты Еуразия кубогының алтыны екен. Байрақты бәсеке ақпан айының басында Түркияның Анталия қаласында өтіпті.

СӘНИЯ ЗЕЙКЕНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Бұл жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Румыния, Чехия, Германия және Түркиядан 5 команда қатысты. Өз басыма сайыс қиынға соққан жоқ. Қарсылас ретінде Түркия елінін спортшыларын көрдім. Барлығы ойдағыдай өтті.

Бәсі биік бәсекеде бұрымды 10 қарсыласпен кездескен. Әрбірімен 15 минут бойы мықтыны анықтаған. Нәтижесінде дүбірлі додада Сәния Зейкеноваға лайықты қарсылық танытқандар болмапты. Спортшы өзге құрама өкілдерін айқын басымдықпен жеңген.


СӘНИЯ ЗЕЙКЕНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Әрбір тұлғаның белгілі бір спорт түріне икемі болады. Менің оң жамбасыма осы ұлттық спорт түрі келіп тұр. Болашақта асық ойнауды жалғастырамын. Басқа қалалық мектептерде оқушыларға асық ойнауды үйреткім келеді.

Бұрымды әлі талай биік белестерді бағындыруды көздеп отыр. Қазір Сәния Шымкентте өтетін додаға дайындалу үстінде. Наурыз айында ол жақта жастар арасында асықтан жарыс өтеді.

 

Алдияр Айтпаев