СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Халықтың табысын арттыру және азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі талқыланды

Облыстық әкімдік қабырғасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жайы қаралды. Қалыптасқан дәстүрге сай, өңірімізде жыл сайын көкөніс күзгі жиым-терімнен соң арзан бағамен сатып алынып, қоймаларға жеткізіледі. Сақтаудағы өнім қыс пен көктемде саудаға шығарылады. Бағасы нарықтағыдан төмен болады.

ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 2019 жылдан бастап ұн тартумен айналысатын жергілікті «DEZ» серіктестігіне астық сатып алу үшін жеңілдетілген несие беріледі. Нәтижесінде компанияның 2 келілік өнімі 253 теңге тұрады. Мұндай ұн әлеуметтік нан пісіру үшін қаламыздағы 6 наубайханаға да жеткізіледі. Бұл наубайханаларда 1 бөлке ас атасының құны орта есеппен 100 теңгені құрайды.

Жарма, күнбағыс майы, қант және жұмыртқа. Тұрақтандыру қорындағы өнімдердің бағасы шынымен де төмен. Бірақ, олардың бәрі бірдей сөрелерден табыла бермейді. Халық аз уақыттың ішінде сатып алады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жұмыс жүріп жатыр. Бірақ, мұнымен тоқтамау қажет. Осы орайда салыстырар болсақ, 2019 жылы өнім сатып алуға 300 млн жұмсалса, қазір көрсеткіш 3,6 млрд теңгеге жеткен. Алайда, нәтиже жоқ. Қала бойынша небәрі 23 нүкте қамтылған. Аудандардың бірі-бірі тізімге енбеген. Тауар
жеткілікті дейсіздер. Онда неліктен біз аптасына 3 рет қана сауда орындарына өнім жеткіземіз және апарғанымыз неге 2 сағаттан кейін бітіп қалады?

ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Будем усиливать работу по мониторингу и стабфонду.

Жұмыстың нәтижесін халық сезінбеді, деп атап өтті Айдарбек Сапаров. Ал кейбір бағаның көтерілуінің ешбір дәлелді себебі жоқ. Мысалы, бидай мен ұн төмендегенімен, макарон өнімдері керісінше 30 теңгеге қымбаттаған. Облыс әкімі мәселемен айналысуды тапсырды. Негізсіз өсім қарақұмықта да байқалады. Оны жергілікті зауыт өндіргенімен, дүкендерде әр келісі 450-470 теңгеден сатылады. Сөйтсек, әжептәуір ақша кәсіпорында бірнеше жылдан бері орау желісінің жұмыс істемеуіне байланысты қаптауға кетеді екен. Аймақ басшысы бұл олқылықты түзеуді тапсырды. Жалпы, өлкемізде 9 мың гектарға қарақұмық дәні себіледі. Айдарбек Сапаров көрсеткіштің аздығын тілге тиек етті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Надо в 3 раза увеличить. Чтобы у нас конкуренция была надо несколько крупорушек ставить. Надо довести этот вопрос до конца. Как минимум 4 поставить. Увеличить гречку и посевные культуры.

Облыстық әкімдік қабырғасында қаралған екінші мәселе – халықтың табысын арттыру. Статистикаға сүйенсек, өңір халқының 6 пайызының кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен. Ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі әлі де жоғары. Әсіресе, М.Жұмабаев, Есіл, Аққайың және Ғ.Мүсіреповте.
Биыл аймақта 24 мың адамды еңбекпен қамту және 10 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі зауыттарды аралағанда кадр тапшылығы мәселесінен құлағдар болды. Қазір өлкедегі кәсіпорындарға дәнекерлеушілер мен ұсталар жетпейді. Мұны алға тартқан Айдарбек Сапаров жауапты тұлғаларға қысқа мерзімді оқыту курстарын өткізіп, осы мәселені бірінші жартыжылдықта түпкілікті шешуді тапсырды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрылыс саласында тас қалаушылар аз. Мұндай мамандарды 2 айдың ішінде оқытуға болады. Қазір кірпішпен көтерілген 1 текше метр үшін 18 мың теңге төленеді. Яғни, 5 текше метр үшін 90 мың ұсынылады. Ал бізде адам жетіспейді. Сондықтан, бірлесе жұмыс жүргізу қажет.

Солтүстікқазақстандықтар қазір қандай мамандар қажет екенін және ең жоғары жалақы қай жерде төленетінін, жұмыспен қамту орталығында оқыту курсы барын білуі керек. Ол үшін ақпараттық жұмысқа қарқын қосу қажет. Жиында облыс әкімі №4 орта мектебінде болған оқиғаға қатысты жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аудан әкімдері мектеп директорларымен кеңес өткізсін. Барлық сұрақтарды қатаң бақылауда ұстаңыздар. Тиісті қауіпсіздік қамтамасыз етілсін. Егер байқау ұйымдастыру қажеттігі туындаса, тез арада ұйымдастырылуы тиіс.

 

Байболат Култанов