Мәдениет

Болашақ актерлер Петропавлда тәжірибеден өтуде

Қара шаңырақпен жақынырақ танысып, театрдың атмосферасын сезіну. Бастысы – кәсіби актерлермен бір сахнада өнер көрсетіп, жақсыға үйрену. Петропавлға Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 20 студенті келді. Білім алушылар осы жақта 4 ай бойы тәжірибеден өтеді. Нұрбол Мыңжасаров драма театры және кино әртісі мамандығында оқиды. Таңдаған саласына деген қызығушылығы жайдарман ойындарынан басталыпты.

НҰРБОЛ МЫҢЖАСАРОВ, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті:

– Осы қалаға келгенімізге 2 күн болды. Группамызбен түгелдей келдік. Алла қаласа, осы жерде дипломдық спектакль ойналады. Мақсаттар көп. Ұжыммен таныстық, танысып жатырмыз. Театр мен қала ұнап жатыр. Суық, әрине, бірақ жақсы.

Болашақ актерлер дипломдық жұмыста 2 спектакль қоймақшы. Алғашқы болып “Қарагөз”, одан кейін “Ромео мен Джульетта” сахналанады. Қазір маңызды уақытқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Шәкірттердің кураторы, актриса Баян Кажнабиеваның сөзінше, академияда оқудың жауапкершілігі басқа, театрда кәсіби мамандармен бірге жұмыс жасаудың жөні мүлдем бөлек.

БАЯН КАЖНАБИЕВА, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы:

– Бұл кісілерде толқу бар. Мойындарына жүктелген жауапкершілікті түсінеді. Қалған 4 айда еңбек етуге дайындалып келіп отыр. Бұл кісілердің курс жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері – Азамат Сатыбалды. Алла бұйыртса, ол кісі де келеді. Мен бұл кісілердің қабылдау кезінен бастап осы кезге дейін бірге келе жатырмын.

2000 жылдары Қазақ ұлттық өнер академиясының бітіруші түлектері Петропавлға келіп, дәл осылай тәжірибеден өткен. Актерлер ол кезде қара шаңырақтың ашылу салтанатына қатысыпты. 23 жыл бұрын да “Қарагөз” спектаклі сахналанған екен.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Облыс көлемінде үлкен жағдай жасалып жатыр. Балаларға арнайы жататын орындармен қамтамасыз етілген және ең төменгі жалақы төленеді. Осы өңірде қалып, ертең біздің қатарымызға қосылып жатса, ол – үлкен жетістік.

Дәурен Тойбазаров теріскейде жұмыс істеймін деген актерлерге құшақ айқара ашық екенін айтады. Осылайша, кадр мәселесі шешілуі мүмкін.

 

Алтынай Казиканова