Құқық қорғау органдарыҚоғам

Биыл Петропавлда иісшіл иттердің көмегімен 50-ден аса қылмыстың беті ашылған

Полиция департаментіне қарасты кинологиялық қызмет орталығында 32 маман еңбек етеді. Олар 50-ден астам итпен жұмыс істейді. Жануарлар әбден үйретілген. Өздерінің бағыттары бар. Бірі есірткі іздесе, екіншісі ұрыларды анықтайды, ал үшіншісі қарауылдайды.

ЕРІК КӘРІБАЕВ, СҚО ПД КҚО аға инспектор-кинологы:

– Қаңтар айында біздің иттер 63 рет қолданылды. Былтыр 53 рет қолдандық. Көбінесе ұрлық болды.

60-тан аса қылмыстың 50-ден астамы қызметтік иттердің көмегімен ашылыпты. Соның бірнешеуі кіші инспектор-кинолог Нұржас Дәулетбаевқа тиесілі. Ол орталықта 3 жылдан бері төр төгеді.

НҰРЖАС ДӘУЛЕТБАЕВ, СҚО ПД КҚО кіші инспектор-кинологы:

– 2021 жылы Алматы қаласында иттерді даярлау курсынан өттім. Із кесушімін. Руна атты неміс овчаркасы бар. Онымен тәуліктік кезекшілікке түсеміз. Жыл басынан бері 4 қылмысты аштық.

Кіші инспектор-кинолог Рунамен бірге ашқан қылмыстың дені – ұрлық. Жазда көпқабатты үйлердің бірінде велосипед пен самокат жоғалыпты. Оқиға орнына жеткен ит ұрылардың иісін бірден алған. Сол бойынша жақын маңайдағы нысанға алып барыпты. Нәтижесінде небәрі жарты сағаттың ішінде бөтеннің мүлкі табылған.

Руна сонау Алматыдан әкелініпті. Оны 8 айынан бері Нұржас Дәулетбаев бағады. Төртаяқты иесін көрсе балаша қуанады.

Өкінішке қарай, мұндай қасиет әр адамның бойынан табыла бермейді. Осыдан болар өңірімізде кинологтар аз. Қазір кинологиялық қызмет орталығының өзінде бірнеше бос орын бар.

ЕРІК КӘРІБАЕВ, СҚО ПД КҚО аға инспектор-кинологы:

– Бізде 4 ваканция бар. 3-еуі осы кинологиялық қызмет орталығында, 1-еуі М.Жұмабаев аудандық полиция бөлімінде.

Кинологиялық қызмет орталығында шыдамдылықты талап ететін мамандық иелері оқытылады. Қазір мұнда аудандардан келген бірнеше маман итпен жұмыс істеу тәсілдерін меңгеруде. Олардың дайындық курсы ертең тәмамдалмақ.

 

Байболат Култанов