Денсаулық сақтауҚоғам

Береке ықшам ауданындағы емхананың құрылысы аяқталуға жақын

Береке ықшам ауданында салынып жатқан заманауи емхана 75 пайызға дайын. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары, сантехникалық жабдықтарды орнату мен қымтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Күн жылынған соң нысан маңы абаттандырыла бастайды. Жалпы, әр қабаттың аумағы 2200 шаршы метрді құрайды. Нысанның өзі екіқабатты.

АСХАТ КІШКЕНТАЕВ, құрылыс учаскесінің бастығы:

– Қазіргі уақытта сыртқы және ішкі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 70 адам жұмыс істеп жүр. Құрылыс материалдарын Алматы, Семей және Петропавлдан аламыз.

Емхана құрылысына республикалық бюджеттен 2 млрд 400 млн теңге бөлінген. Іске жергілікті «ТОИР» серіктестігі жауапты. Құрылысқа тартылған 70 адамның 45-і – компания жұмысшылары. Қалғаны – қосымша күш. Рустам Садықов – монтаждаушы. Құрылыс саласында еңбек етіп жүргеніне 15 жыл болыпты. Құрылыс басындағы мамандар айына 300 мың теңгеге дейін жалақы алады.

РУСТАМ САДЫҚОВ, монтаждаушы:

– Құрылысқа қажетті материалдардың барлығы бар. Біз плиталарды монтаждап, баспалдақтарды орнатып жатырмыз. Мен темірмен жұмыс істеймін.

Құрылысы 2020 жылы басталған нысан биыл қолданысқа тапсырылуы тиіс.

 

Самал Жунусова