Спорт

“Солтүстік” ойындары: Новоникольскоеда хоккейден аймақтық матч өтті

Өткен демалыс күндері Қызылжар ауданының Новоникольское ауылында шайбалы хоккейден аймақтық ойындар өтті. Дода «Солтүстік» қысқы облыстық ойындар аясында ұйымдастырылған. Мұнда Қызылжар, Айыртау, Жамбыл мен Уәлиханов аудандарының спортшылары өзара мықтыны анықтады. Айта кетейік, ойыншылардың жас ерекшеліктері әр түрлі. 18 жастағы жігіттер де, 50-ден асқан азаматтар да бар.

Мұз айдынында – Қызылжар мен Уәлиханов ауданының командалары. Бұл қос құраманың алғашқы кездесуі емес. Сол себепті, бір-бірінің осал тұстарын жақсы біледі. Тартысты додада кімнің жеңіске жететінін анықтау мүмкін емес. Дегенмен, алғашқы период қызылжарлықтардың пайдасына 2:1 есебімен аяқталды.

МЕЙІРБЕК ҚҰСАЙЫНОВ, Уәлиханов ауданы командасының ойыншысы:

– Қазір счет 1:2. Қазір тағы ойнаймыз. Қарсыластарымыз – өте мықты команда. Облыстың бірнеше чемпионатын ұтқан жігіттер. Оларға қарап спортымыз жақсы дамып келе жатыр деуге болады.

Қызылжарлықтардың жолы болды. Олар қарсыластарын 5:1 есебімен тізе бүктірді. Бұдан кейін айдынға Айыртау мен Жамбыл аудандарының ойыншылары шықты. Қос команда арасындағы матч 4:2 есебімен аяқталды. Жеңімпаз – Жамбыл ауданының құрамасы.

ВЯЧЕСЛАВ ПОМОЗОВ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Аймақтық кезеңнің жеңімпаздары өткен жылғы чемпион – Ғ.Мүсірепов ауданының құрамасымен ойнайды. “Солтүстік” қысқы облыстық ойындарының финалы ақпанның 23-і мен 26-сы аралығында Ғ.Мүсірепов ауданында өтеді.

Аймақтық ойындардың қорытындысы бойынша Қызылжар, Есіл мен Аққайың ауданының құрамалары финалға өтті.

 

Самал Жунусова