Аптадағы маңызды жаңалықтарӨнеркәсіп

Петропавлда жаңа жобалар қолға алынбақ

Петропавлда донатс бәліштері әзірленеді. Бірі білсе, бірі білмес америкалық тәттінің бұл түрі шоколадпен немесе глазурьмен безендіріліп жасалады. Жоба қолға алынса, жылына 15 мың тоннаға жуық өнім шығару жоспарлануда. Зауыт “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағынының аумағына орналастырылады деп көзделген. Яғни, 3-ші 160 гектарлық субаймақта орын теппек.

ӘМИНА АЙСИНА, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының бас менеджері:

– Бұл – ең үлкен аумақ. Осында тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді де жоспарлап отырмыз. Жобаның жылдық қуаттылығы жылына 150 бірлік техниканы құрамақ. Сонымен қатар, жеңіл болат конструкциялар зауытын құру жоспарда бар. Оның қуаты жылына 4 мың тоннаны құрайды.

Жеңіл болат конструкциялар өндірісі құрылыс барысында уақыт пен ақшаны үнемдеуге септеспек. Бұл іске шетелдік инвестор 1,3 млрд теңге құяды. Нәтижесінде 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалар жалғасын табады. Ресейлік инвестор 3 млрд теңге жұмсап, темірбетон өндірісін қолға алмақшы. Мұнда жылына 30 мың тоннаға дейін дайын өнім әзірленбек.

ӘМИНА АЙСИНА, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының бас менеджері:

– Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы корпоративтік табыс салығынан, импортқа қосылған құн және жер салығынан, сондай-ақ, кедендік баждардан, мүлік салығынан босату сияқты преференцияларды пайдаланады.

Осындай мүмкіндікті қазақстандық инвестор да пайдаланбақшы. Азамат Петропавлда қуаттылығы тәулігіне 1 200 тонна өнім шығаруға жететін мұнай экстракциялау зауытын салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, аймақта фанер мен бөлшек тақталарын дайындайтын зауыттың құрылысы басталды. Онда 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын биылғы жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілмек. Түрік инвесторлары бастап, тоқтап қалған көпсалалы аурухананың құрылысы ел аузында. Тиісті құжатқа қол қойылғаннан кейін шаруа жалғасын табады. Жалпы, арнайы аймақ 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде мұнда 2 ірі жоба іске асырылды.

ӘМИНА АЙСИНА, «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының бас менеджері:

– Жобалардың бірі – «Петропавл электротехникалық зауыты». Кәсіпорын жылына 13 мың дана өнім шығаруға қауқарлы. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 1318 трансформатор шығарылды. 95%-ы Ресей Федерациясына экспортталды. Ал екінші жоба – жылдық қуаттылығы 300 техниканы құрайтын “CLAAS” зауыты. Аталған нысанда 100 жұмыс орны құрылды.

Трактор, комбайндар мен егіс науқанына қажетті техниканың түр-түрі. Өткен жылы жергілікті жерде 332 бірлік техника дайындалды. Биыл 400-ден астамы шығарылмақ.

 

Алтынай Казиканова