БілімБалалар

Пәндер бойынша облыстық олимпиада бастау алды

Олимпиаданың басталуына санаулы минуттар қалды. Балалар орындарына жайғасып, өздерінің таңдаған пәндеріне дайындалуда. Оқушылар сұрақты компьютерден оқиды, жауабын арнайы бланкіге жазады. Әдіскер тиісті ережелерді түсіндіруде. Білім бәйгесіне “Білім-инновация” лицей-интернатының оқушысы Мәулет Мұңайтпасов та қатысып жатыр. 14 жастағы жеткіншектің таңдаған пәні – физика.

МӘУЛЕТ МҰҢАЙТПАСОВ, “Білім-инновация” лицей-интернатының оқушысы:

– Бұрын олимпиадаларға қатыстым, бірақ физика пәнінен емес, тарих пәнінен. Осы жолы физика пәнін таңдадым.

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы Ділназ Булатова да физиканы таңдаған.
Тест түрінде берілген тапсырманы орындау үшін 4 сағат уақыт беріледі. Сұрақ саны белгісіз.

ДІЛНАЗ БУЛАТОВА, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Қалалық байқау осыдан 2 апта бұрын болған. Физикадан шығарып жүрген есептерім келді, тек күрделі болып келді. Мен үшін үлкен қадам болғандықтан қатты қобалжып тұрмын. Бірақ, мен өзім үшін, білімім үшін сенімдімін. Физика пәні маған қатты ұнайды. Яғни, есептерімен, өзінің заңдылықтарымен мені қызықтырады.

Айта кетейік, олимпиада ақпанның 18-іне дейін жалғасады. Барлығы – жоғары сыныптардан 500-ден аса оқушы қатысып жатыр. Пән саны – 15.

ҚУАНЫШ БЕЛГІБАЙ, білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары:

– Жалпы, жаратылыстану-математика бағыт бойынша 221 бала, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 281 бала қатысып жатыр. Біздің өңірде олимпиада 4 мекемеде өтіп жатыр. Әрбір аудиторияда бейнебақылау жүргізіледі. Жылдан-жылға балалардың пәнге деген қызығушылығы артып, саны көбеюде.

Облыстық кезеңнен сүрінбей өткен ұл-қыздар наурыз айында Шымкент қаласында өтетін республикалық кезеңге қатысады.

 

Гульден Симбаева