ТЖ

№4 мектепте болған оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылды

Петропавлда аптаның басы жантүршіктірерлік оқиғадан басталды.
Қанды оқиға таң ата №4 орта мектебінде болды. Мектепке балтамен келген 9-шы сынып оқушысы таңғы 8-ге таман 3 бірдей балаға жарақат салды. Жұртқа өшіккен жасөспірімді өзінің сыныптасы ұстап алыпты. Әйтпегенде, зардап шегушілердің саны бұдан да көп болуы мүмкін бе еді.

АЛМАГҮЛ ҚАСЫМОВА, №4 орта мектебі директорының орынбасары:

– Шабуыл жасаған бала мектепке тып-тыныш кірді. Содан 2-ші қабатқа көтеріліп, дәретханада бетперде киген. Шыққан соң дәлізде бірінші сабаққа кіргелі тұрған балаларға бас салған. Біз шуды естіп бірден жоғарыға көтерілдік. Мен жеткенде 9-шы сынып оқушысы қимылсыз тұрды.

Бұл оқиғадан кейін сабақ тоқтатылды. Жаға ұстатар жайтты естіген ата-аналар балаларын әкетуге мектепке ағылды. 11-ге таман білім ұясында ондаған оқушы ғана қалды. Құқық қорғау органдарының өкілдері қан төгілген жерді қоршауға алып, тергеп-тексеруге кірісті.

ҚАЙСАР ӘБІШЕВ, Петропавл қаласы прокурорының орынбасары:

– 99-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот шешім қабылдайды. 99-бап бойынша 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Тергеп-тексеру кезінде баланың қыркүйектің 2-сі мен қарашаның 24-і аралығында Алматыда және Петропавлда емдеуде болғаны, 2021 жылдан бері психикалық есепте тұрғаны анықталды. Ол мектеп қабырғасында психологтың бақылауында болыпты.

АЛМАГҮЛ ҚАСЫМОВА, №4 орта мектебі директорының орынбасары:

– Психолог жұмыс істеп жүрді. Оған балалардан қысым көрсетілмеді.

Жарақат алған 3 бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізіліпті. Олардың біреуіне қабылдау бөлмесінде көмек көрсетіліп, үйіне жіберілген. Ал екеуіне шұғыл түрде ота жасалыпты. Қазіргі таңда жағдайлары тұрақты деп бағаланып отыр. Болған жағдайға қатысты облыс әкімі Айдарбек Сапаров әлеуметтік желіде пікір білдірді.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Петропавлдағы №4 орта мектепте болған оқыс оқиғаға қатысты арнайы комиссия жұмысын бастады. Жан-жақты тексеру жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Сөз соңында желіде желдей ескен ақпармен де бөлісейік. Көпшілік бұл оқиғаға “Лесоруб” атты интернет-ойынның тікелей қатысы бар деп жазып жатыр. Оны ойнаған баланың ой-санасы әбден уланып, 4 қатарласын жаралауға дейін барады екен. Бірақ, бұл – әлі расталмаған дерек. Мәселенің ақ-қарасы тексерістен кейін белгілі болмақ.

 

Байболат Култанов