Қоғам

Мамандандырылған ХҚКО-ға қатысты кезекті дау

Көлік жүргізуші куәлігіне емтихан тапсырғандар сыннан сүрініп жатыр. “Себебі, орнатылған құрылғылар дұрыс жұмыс істемейді, көліктерде де ақау бар”,- дейді базынасын әлеуметтік желіде жарыса жазған ағайын.

– Емтиханды жиенім де тапсырды. №2 көлікпен жүру мүмкін емес. Үнемі өшіп қалады. Алаң қардан дұрыс тазартылмайды. Мәселе жететін.
– Бұл жағдай менің де басымнан өтті. Қаншама рет орталықтың көлігімен жүрдім. Көліктер тоқтап қалады, жүйе де дұрыс жұмыс істемейді.

Орталық табалдырығын тоздырып жүргендердің бірі – Светлана Москалева. Бұған дейін нәзікжанды 8 рет сынақ тапсырып, 8-і де сәтсіз аяқталған. “Оған себеп – жүйе жұмысындағы кінәрат”,- дейді азаматша. Ақаудың болатынын орталық мамандары жоққа шығарып отырған жоқ. “Күніне бір-екеуі тіркеледі, бірақ оны дереу түзейміз”, – дейді.

НҰРЛАН АҚПАЕВ, мамандандырылған ХҚКО бөлім басшысы:

– Күнделікті 80 адам емтихан тапсырады. Қандай да бір ақау тіркелсе, біз оны анықтап, қалыпқа келтіреміз. Егер қате жүйеден болса, курсант емтиханды қайта тапсыра алады. Көліктерге келер болсақ, біздегі жеңіл машиналардың екеуі өткен жылғы, тағы біреуі 20-шы жылы шығарылған. Былтыр жаңа датчиктер орнатылды. Олар жүргізушілердің қателіктерін нақтылықпен анықтайды.

Светлана Москалева бүгін тағы темір тұлпарды бағындырмақ болды. Басында қателікке бой алдырған жоқ, кейін сүрінді. Алаңда жіберген олқылықтарын орталық мамандары экраннан көрсетіп берді.

– Первое нарушение было, когда курсант наехал на линию Стоп. Здесь курсант пересекает стоп линию на запрещающий знак. За это дается 100 баллов. На первой стоп линий дали 25 баллов.

СВЕТЛАНА МОСКАЛЕВА, Мамлют ауданының тұрғыны:

– Бұған дейінгі емтихандарда жүйеде 3 рет ауытқу болды. Оның біреуінде қайта тапсырудан бас тарттым. Бүгін тізгіндеген көлікке бірінші рет отырдым, оның үстіне қобалжыдым. Енді 8 күннен кейін қайта тапсырамын.

Қазір әлеуметтік желіде орталық жұмысына көңілі толып жатқандар да баршылық.

– Емтиханнан екінші мүмкіндікте қиындықсыз өттім. Мамандар сыпайы. Сыннан сүрінгендер – жеке автомектепте дұрыс оқымағандар.
– Өткен жылдың желтоқсанында тапсырдым. Сыннан 5 мүмкіндіктен кейін ғана сәтті өттім. Асықпағанда көлік жүргізуші куәлігін ертерек алар ма едім. Бастысы, асықпай, мұқият болу керек.

Мамандардың айтуынша, орталықта емтиханды әр 5-ші, 6-шы адам сәтті тапсырады екен. Өткен аптада жүргізуші куәлігін алғысы келген 305 адамның 52-сі ғана құжатқа қол жеткізген.

 

Алдияр Айтпаев