Қоғам

Қызылжар ауданындағы Рассвет ауылдық округіне жаңа әкім сайланды

Ақпанның 12-сі күні Қызылжар ауданындағы Рассвет ауылдық округінің әкімін сайлау өтті. 1400-ден астам тұрғыны бар округте 4 учаске құрылған. Соның біреуі Рассвет ауылындағы мектепте болды.

ДМИТРИЙ ГОНЧАРИК, №305 сайлау учаскесінің төрағасы, Қызылжар ауданы:

– Тізім бойынша учаскеде 474 дауыс беруші бар. Сайлау науқанына әдетте оның 95-96%-ы қатысады. 6 адам үйде дауыс беруге өтініш берді. Бұл – сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын зейнеткерлер мен мүгедектігі бар жандар.

Құрмет Мұхаметәли бір жыл бұрын Астанадан қоныс аударыпты. Ақхалатты маман ауылға жаңа жедел жәрдем көлігі қажет дейді. Сондай-ақ, округ әкімі бұдан өзге де мәселелерді шешуі керек.

ҚҰРМЕТ МҰХАМЕТӘЛИ, фельдшер:

– Медициналық штатты кеңейту керек. Ауылдағы ағайынға жалғыз қызмет көрсету қиын. Қатарынан екі бірдей шақырту түссе, үлгере алмай жатамын. Фельдшерлік-акушерлік пунктін тез арада ашса жақсы болар еді.

Тұрғындар да ауылдағы бірқатар мәселеге тоқталып өтті.

– Жастардың қызығушылығын оятып, ауылда қалдыру үшін бір жағдай жасалса дейміз. Мәдениет үйін немесе спорт кешенін салу қажет.
– Жақсы дәрігерлеріміз бар. Әкімдіктің екінші қабатында тұрғындарды қабылдайды. Онда көптеген құрал-жабдықтар жоқ.

Жалпы, Рассвет ауылдық огругінің әкімі лауазымына 3 кандидат ұсынылған. Оның екеуі – өз-өзін ұсынғандар. Көптің дауысына ие болған Абай Шайменов – «AMANAT» партиясының мүшесі. Азаматқа 743 адам дауыс берген. Абай Шайменов Рассвет ауылдық округіне бұған дейін де 4 жыл бойы жетекшілік еткен.

 

Алдияр Айтпаев