Қоғам

Еріктілер жалғызбасты қарияға көмек көрсетті

Иван Левков 91 жаста. Жалғызбасты қарияның біраз уақыт бойы мекен еткен баспанасы әбден ескірген. Қыста қар тазалау керек, пеш жағып, көмір кіргізу қажет. Жасына байланысты үйдің шаруасымен айналысуға қуаты жоқ. Жақын жерде тұратын жалғыз баласынан да көмек жоқ дейді. Әйтеуір, жұмыстың жеңіл-желпісін тындырады. Бүгін үйіне еріктілер бас сұғып, ауласын қардан тазалап берді.

ИВАН ЛЕВКОВ, қала тұрғыны:

– Зейнетке шыққанша дейін «Қызылжар су» серіктістігінде еңбек еттім. Сол жұмысымнан кейде келіп көмектесіп жатады. Соңғы уақытта жиі сырқаттанатын болдым. Еріктілерге маған көмек көрсетіп жатқандары үшін алғысымды білдіремін.

Зейнеткерге көмек қолын созуға 10-ға жуық волонтер келген. Олар жұмыстарын бір сағаттың ішінде тындырды. Еңбекқор белсенділердің бірі – Әділет Төлеген. Бұған дейін Есіл ауданында еріктілікпен айналысқан. Үлкенге жәрдемдесуді өзіне парыз санайды.

ӘДІЛЕТ ТӨЛЕГЕН, ерікті:

– Бір әженің үйіне барғанымыз есімде. Отын жарып, қар тазалап бердік. 0,56\ Ол кісі рахметін айтты, содан бастап біз ақырындап зейнеткерлерге көмектесе бастадық. 01,09 Үлкен адамдарға көмектескен дұрыс. Ертең біз қартаямыз, бізге де көмектеседі дегендей.

Қайырымдылық шарасына Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің жанындағы «Мархабат» еріктілер клубының мүшелері қатысуда.

ӘДІЛХАН ҮСЕНОВ, «Мархабат» еріктілер клубының төрағасы:

– Бір әр жұма сайын Б.Әшімов атындағы колледжінің волонтерлік клубымен көмекке мұқтаж жандарға көмектесуге тырысамыз.

Жалпы, жыл басынан бері қалада 12 жалғызбасты қарияға осы сипатты көмек көрсетілді. “Біз біргеміз” акциясына белсенді қатысып жатқан жастар ресурстық орталығында 150 волонтер бар.

 

Самал Жунусова