Құқық қорғау органдары

Ұрылардан сақтануда бейнебақылау камерасының маңызы зор

Қазіргі уақытта Петропавлда және облыстың 6 ауданында пәтерлер мен үйлерді орталықтандырылған бақылау пульттері арқылы 14 ұйым күзетеді. 7 жеке күзет құрылымының өкілдері қаладағы сауда орталықтарының бірінде өз қызметтері жайлы, баспанаға камера орнатудың маңызын түсіндірді.

АЛЕКСАНДР ВЯТКИН, жеке күзет құрылымының атқарушы директоры:

– Бүгінгі таңда пәтерлерді, кеңселерді, тасымалданатын жүктерді және тағы басқаларын күзету өте маңызды. Мүлкіңіз қаскөйлердің олжасына айналмасын десеңіз, қауіпсіздік шараларын сақтап, алдын алған жөн.

Шарада тұрғындар бәрін егжей-тегжейлі сұрастырып, кеңес алды. Мәселен, петропавлдық азамат құрылыс жұмыстарын бастаған екен. Енді объектісін бейнебақылаумен жабдықтауды жоспарлап отыр. Полицейлердің айтуынша, жекеменшік нысандардың техникалық нығайтылуы ұрлық санының азаюына ықпал етпек.

РУСЛАН ДАНИЯРОВ, облыстық ПД күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы:

– Бүгін қала тұрғындарына пульттік күзет жүйелері мен жеке күзет құрылымдарының қызметтері таныстырылды. Мұндағы мақсатымыз – тұрғындарға пәтерлер мен үйлерде дабыл күзетін орнатудың тиімділігін түсіндіру. Айта кету қажет, соңғы жылдары пульттік күзетке қосылған объектілерде бірде-бір мүліктік қылмыс тіркелген жоқ.

Облыста мыңнан астам үй мен пәтер пульттік күзетке қосылған. Жалпы, жеке күзет құрылымдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, қылмыспен күреске белсене ат салысады. Былтыр мамандар 100-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. 200-ден астам бұзақыны ұстап, ішкі істер органдарына жеткізген. Күзетілетін нысандарда 26 ұрлық пен құқық бұзушылықтың жасалуын болдырмаған.

 

Алтынай Казиканова