БалаларМәдениет

Өнер колледжінде ашық есік күні өтті

Бүгін Өнер колледжінде ашық есік күні ұйымдастырылды. Жергілікті шығармашылық орталығымен жақынырақ танысып, студенттердің қандай бағыт бойынша тәлім алатынынын білу үшін қала және Бескөлдегі мектеп оқушылары ата-аналарымен келіп отыр. 7-сыныпта оқитын Мерей Тілеужан болашағын музыкамен байланыстырғысы келеді. Қазір жеткіншек фортепианода ойнау біледі. Келешекте өнер колледжіне түсіп, білімін одан әрі тереңдетуді мақсат етіп отыр.

МЕРЕЙ ТІЛЕУЖАН, “Мерей” өнер мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Мен 5 жыл бойы фортепианода ойнаймын. Қазір мен колледжбен танысқым келеді. Осында оқуға түссем бе деймін.

Қазіргі уақытта колледжде 10-нан астам бөлім жұмыс істейді. Яғни, шәкірттерге ұлттық, үрмелі және басқа ұлттың музыкалық аспаптары үйретіледі. Мәселен, Асхат Ғалеев – домбыра аспабының ұстазы. Өзі де осы қабырғадан түлеп ұшып, елордада қосымша оқып келген екен. Кейіннен оқып-білгенін жастарға жеткізу үшін ұстаздарының қасына оралған. Азаматтың студенттері қазір Астана, Алматы қалаларындағы көпке белгілі өнер ордаларында оқуларын жалғастыруда.

АСХАТ ҒАЛЕЕВ, Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының оқытушысы: 

– Мұғалімдердің біліктіліктері жоғары деңгейде. Өзімнің ұстазым кішкентай кезімнен мені оқытып, сол кісіден үлгі алдым.
Өзіміздің өңіріміздегі қазақ музыкасын, қазақ аспаптарын дамытуға өзімнің үлесімді қосу үшін өз өлкеме оралдым.

Өнер колледжінің қабырғасындағы мектепте қазір 100, ал колледждің өзінде 200-ге жуық шәкірт білім алуда. Талантты жандар бүгінгі меймандарға арнап концерт дайындаған.

 

Алтынай Казиканова