Балалар

Балабақшада қолға алынған шетелдік жоба

Өткен жылдың соңында Петропавлдағы 3 бірдей мектепке дейінгі білім беру мекемесінде “Сөйлейтін қабырғалар” жобасы қолға алынды. Соның бірі – “Балдәурен” бөбекжай-бақшасы. Мұндағы бөлмелер адамның назарын бірден өзіне аудартады. Еденде – геометриялық фигуралар, төбеде – фотосуреттер, ал қабырғада – ақпараттық белгілер. Олардың бәрі қарапайым дүниелерден жасалған. Сонысымен балақайлардың есінде ұзақ сақталады.

БАҚЫТЖАН ЕРДӘУЛЕТОВА, “Балдәурен” бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі:

– Қабырғалар балалардың сұранысы мен қызығушылығына байланысты өзгертіліп отырады. Бұл орта – 3-ші ұстаз. Заттық дамытушы орта балаларға ыңғайлы, қолжетімді.

Тәрбиешілердің сөзінше, балалар қимыл-қозғалыста айтылғанды, көргенді тез ұғады. Сондықтан, “сөйлейтін қабырғадағы” дүниелер жиі ауыстырылып тұрады екен. Мұндай тәсіл шетелде қолданылады. Мысалы, теріскейлік ұстаздар эстониялық әріптестерінің тәжірибесін енгізіп отыр.

ЛЕЙЛА ӘЛМАҒАМБЕТОВА, “Өрлеу” БАҰО” АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Біз “Сөйлейтін қабырғаларды” ғана емес, инклюзивті бағытты, IT бағытты қарадық. Өзіме сөйлейтін “Сөйлейтін қабырғалар” ұнады. Оны бастауыш мектепте де, жоғары оқу орындарында да қолдануға болады.

Жобаның қолданылу аясын өңірде кеңейткен жөн. Сол үшін “Балдәурен” бөбекжай-бақшасында халықаралық семинар ұйымдастырылып отыр. Жаңашылдықтың әр тұсы сөз болған жиын 100-ден аса педагогтың басын қосты. Олардың ішінде шымкенттік, түркістандық және шекаралас орналасқан Омбы облысының ұстаздары да болды. Іс-шарада көпшілік талантты балақайлардың өнерін де тамашалады.

 

Байболат Култанов