Балалар

Жасөспірімдер арасында шығармашылық байқау өтті

Петропавлда облыстық қолданбалы өнер көрмесі қанат жайды. Жасөспірімдер арасындағы шығармашылық байқауға алыстан көз тартар түрлі дүние қойылыпты.

Сегіз қырлы, бір сырлы мына қос бала көрмеге гидравликалық манипулятор істеп әкелген. Қарапайым тілмен айтсақ, кәдімгі қоқыс жинайтын кран. Бұл туынды қорап және шприцтерден жасалған. Айтуларынша, қолөнер жұмысына 3 күн уақыттары кеткен.

ЕРНҰР АСЫЛБЕКҰЛЫ, «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы:

– Бірінші біз қорап алдық, ұсталынып тұрған қағаз құлап кетпеуі үшін жабыстырып қойдық. Осы 2 қорап арқылы біздің проектіміз ұсталынып тұрады.

Саусақтарынан бал тамған оқушылардың осындай шеберліктеріне қарап тәнті болуға болады. Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің оқушысы Жанерке Шора кестеленген көрпеше тігеді. Ол бұл еңбегін қазылар алқасына “Матаны пайдаланатын бұйымдар” аталымында көрсетпек.

ЖАНЕРКЕ ШОРА, Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектебінің оқушысы:

– Бұл көрпеше “Шыраш” деп аталады. Мен бұған 1 ай уақытымды жұмсадым.

Байқауға жалпы 4 номинация бойынша 100-ден аса оқушы қатысуда. Талап бойынша дарынды жастар заманауи туындылар ұсынуы керек және өткенімізді жаңғыртуы тиіс.

АМАНГЕЛДІ ҚАБДУЛБАРИЕВ, қазылар алқасының мүшесі:

– Осындай көрме жыл сайын өтеді. Биыл істелінген жұмыстардың сапасы жоғары. Арасында жақсы істелінген жұмыстар бар. Балалардың еңбектері өз номинациясына сәйкес болуы қажет.

Байқау соңында әр аталым бойынша үздік атанған ұл-қыздар марапатталды.