Қоғам

Түркия халқына гуманитарлық көмек жиналуда

Бауырлас ел бірнеше күннен бері қара жамылды. Ақпанның 6-сы күні таңғы 4 шамасында Түркияда жойқын жер сілкінісі орын алды. Бүгінде зілзаладан қаза тапқандар саны 6 мыңға жуықтап отыр. Ал жарақат алғандар бірнеше есеге көп. Қираған ғимараттардың санында да есеп жоқ.

Алыстағы ағайынның жағдайы қазақстандықтарды да алаңдатуда. Жер сілкінісі тіркелген күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысына ел тарапынан көмек көрсетілетінін айтты. Күні кеше Қазақстаннан апат орын алған аймаққа құтқарушылар жасағы жөнелтілді. Қазір солтүстікқазақстандықтар да қол қусырып отырған жоқ. Бүгін облыстық ҚХА-да қара жамылған халыққа гуманитарлық көмек жинау басталды.

ЯКУБ ЛАТИПОВ, “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

– Апат орын алған аумақта аяз алқымнан алып тұр. Сол себепті, қысқы киімдер аса қажет. Балаларға арналған жөргектер де керек. Одан бөлек, қолшамдар, қуаттағыш құралдар да жинап жатырмыз. Гуманитарлық көмек демалыс күндері жөнелтіледі.

Бауырлас елге бауырлық көмек танытам деушілер киім-кешек пен басқа да дүниелерді Достық үйіне апарып тапсыра алады. Ең бастысы, киімдер тозбаған немесе жаңа қалпында болуы керек. Түркиядағы жағдайға «Next» қоғамдық бірлестінің президенті Алма Мұстафина да алаңдаушылық білдіріп отыр.

АЛМА МҰСТАФИНА, «Next» қоғамдық бірлестігінің президенті:

– Өз тарапымнан қандай көмек бере алатынымды сұрай келдім. Орын алған жағдай өте қиын, әрине. Гуманитарлық көмекті көбірек және тез жинау үшін еріктілермен барынша тырысамыз. Қазір жоспар құратын боламыз.

Ағайынға материалдық көмек те қажет. Түркия еліне қаржылай қолдау білдіремін деген жандар экранда көрсетілген банк шоттарына ақша аудара алады. Айта кетейік, бауырлас елге медициналық көмек қажет болған жағдайда өңірден 5 дәрігер апат орын алған аймаққа жіберіледі.

 

Алдияр Айтпаев