СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО мен Литва Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың келешегі

Литва Республикасының елшісі Гинтаутас Васюлис аймақ басшысы Айдарбек Сапаровпен кездесіп, ынтымақтастықтың нәтижелері мен алдағы жоспарлары жайлы соз қозғады. Біздің облыс Литва Республикасымен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. 2022 жылы Солтүстік Қазақстан мен Литва арасындағы тауар айналымы 2,2 млн АҚШ долларын құрады. Көрсеткіш жақсы, қос тарап оны нығайтуға ниетті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Біз алға жылжуымыз керек. Аз дегенде тауар айналымын 10 млн долларға жеткізу қажет. Жоспарлар үлкен, әлеуеті де зор. Егер сіздердің тараптарыңыздан өңірге инвестиция құюға дайын кәсіпкерлер болса, біз барлық қажетті жағдайды жасаймыз.

Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гинтаутас Васюлис өз сөзінде Солтүстік Қазақстан өз елінен 1,5 есеге үлкен екенін айтты. Ол әр түрлі салалардағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін де атап өтті. Литвалық тарап елдері қай бағытта дамып жатқанын айтып, солтүстік өңірде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын тыңдады.

ГИНТАУТАС ВАСЮЛИС, Литва Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Ынтымақтастығымыздың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын экономика орталықта емес, аймақтарда қарқынды жүріп жатыр. Біз Қазақстанның әр аймағында құрметті консулдық құруға ұмтылудамыз. Осы жазда консулдықтың салтанатты ашылуына келеміз деп үміттенемін. Бұл мәдени және іскерлік байланыстарды кеңейту үшін өте пайдалы болады деп ойлаймыз.

Кездесу барысында туризм, білім, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Облыс әкімі литвалық инвесторларды өңірде бірлескен жобаларды тиімді іске асыруға шақырды. Өз кезегінде елші жоспарларды талқылау үшін Солтүстік Қазақстан делегациясын осы жазда Литва Республикасына келу туралы ұсынысын білдірді.

 

Алтынай Казиканова