ТЖ

Өрт сөндірушілердің оқу-жаттығуы

Жамбыл көшесіндегі 80-ші үй. Аулаға өрт сөндірушілердің 2 көлігі кіріп келе жатыр. Тұрғындар аң-таң. Не болып қалды? Қай жерден өрт шықты? 4-ші подъезде 9-шы қабаттағы пәтерде от тұтанған. 4 минутта жетіп келген құтқарушылар жанталаса іске кірісті. Дабыл қағып, бес сайманын сайлап жоғарыға көтерілді.

АЗАТ САМАТОВ, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

– Тұрғындар жеке автокөліктерін үйдің маңыңа дұрыс қоймағандықтан өрт сөндіру техникасы жану маңайына уақытылы өте алмауы мүмкін. Сондықтан, осындай жаттығулар көбірек өтіп тұрады. Осы адрес бойынша біз 4 минутта жеттік. Себебі, тұрғындар жеке автокөліктерімен бізді қала бойынша өткізбеді.

Қиындықтар бірінен соң бірі көрініс тапты. Көліктер ретсіз орналасқан. Өрт сөндіру сатысы 9-шы қабатқа дейін жетпей сол орнында қозғалыссыз тоқтап қалды. Бұл – әйтеуір, оқу-жаттығу жиыны. Ол туралы тұрғындар білмейді.

АЛЕКСЕЙ АНДРЮНИН, МИБ төрағасы:

– Оқу-жаттығу жиыны жайында мен ғана білдім. Мұндағы мәселе – ойда-жоқта оқыс оқиға бола қалса, тұрғындар қаншалықты дайын, ауланың ішімен үлкен көлікпен өтуге бола ма? Мамандар соны тексерді.

Алексей Андрюниннің айтуынша, аула тарлау. Соның өзінде тұрғындар көліктерін осы жерге қояды. Жақын маңда автотұрақ бар көрінеді, бірақ оған баруға құлық танытпайды екен.

ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН, қалалық ТЖБ аға инженері:

– Қаладағы көпқабатты үйлердің ауласына өрт сөндіру техникасы емін-еркін кіре алмайды, өйткені өзгелерінің көліктері қаптап тұрады. Шлагбаумды да тез көтере қою қажет.

Оқу-жаттығу шарасына 1-ші өрт сөндіру бөлімінен 12 адам қатысты. 50-ге жуық тұрғын, оның ішінде 15 бала қауіпсіз жерге шығарылды. Оларға төтенше жағдай кезінде өздерін қалай ұстау керектігі үйретіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.