БілімБалаларМәдениет

Герольд Бельгерді еске алу жиыны өтті

Ресейде дүниеге келген, Қазақстанда өсіп-жетілген, ұлты – неміс. Үш ұлттың мәдениетіне деген сүйіспеншілікті Герольд Бельгер өмір бойы сақтаған. Қазақстанның белгілі аудармашысы, халық жазушысы, публицист жерлесіміз 3 тілде 60-тан астам еңбек жазыпты. Халық оны Гер аға деп айтса, өзі «ұлтым неміс болса да жүрегім қазақ» деп айтқан.

Бүгін Петропавлдағы гуманитарлық-техникалық колледжінде қайраткерді еске алуға арналған облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. «Қазақ даласындағы шығармашылық әлемінің ұлағатты ұлы» деп аталатын шараға қоғам өкілдері мен жастар қатысты. Жиын әсіресе жас буын үшін маңызды дейді ұйымдастырушылар. Герольд Бельгер үш тіл білудің маңыздылығын айтқан.

АҚНҰР БАЗАРБЕКОВА, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы:
– Бұл шараны өткізіп жатқан себебіміз – елімізде тіл мәселесі бірінші орында тұр. Үштілділік дейміз. Соның дәлелі – Бельгер ағамыз.

Жиында Герольд Бельгердің өмірі мен шығармашылығы жайлы баяндалды, ал студенттер дарынды тұлғаның өлеңдерінен үзінді оқып берді.

АНГЕЛИНА МИРОНОВА, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:
– Жиын өтіп жатқан мұражай-дәрісхана Герольд Бельгердің есімімен аталады. Мұнда оның 30-дан астам жеке заты сақталған. Жерлесіміз еліміздің мәдени тұрғыда дамуына зор үлес қосты.

Мұражай-дәрісхана білім ордасында 2016 жылы ашылған. Мұнда қайраткердің өзіне, отбасына тиесілі заттары мен суреттері қойылған.

АҚНҰР БАЗАРБЕКОВА, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы:
– Қазақстанның түкпір-түкпірінен студенттер келіп, ғылыми жұмыстар жасап жатыр. Фильмдер түсіріліп жатыр. Жуырда Астанадан студенттер келіп кетті. Өткен жылы да бірақ жастар келген. Бізде көп материал бар. Оларды жұбайы Раиса Закировна берді.

Герольд Бельгер 8 жыл бұрын ақпанның 7-сінде дүниеден озды. Көзі тірі болса биыл 89 жасқа толар еді.

 

Самал Жунусова