Құқық қорғау органдары

БАҚ өкілдеріне күш көрсеткен күзетшіге қатысты сот үкімі шықты

Петропавлда БАҚ өкілдеріне күш көрсеткен күзетшіге қатысты сот үкімі шықты.// Еске салсақ, 2021 жылдың тамызында «Хабар» агенттігінің жергілікті түсірілім тобы Dostyq mall сауда орталығына барып, Ashyq қосымшасы туралы материал әзірлемек болған. Алайда, нысанның күзет қызметі бастығының бұйрығымен күзетшілер журналистерді қоғамдық орыннан күштеп шығарған. Салдарынан оператордың қолындағы камерасына зақым келген.

Бүгін Петропвл қалалық сотында журналистердің кәсіби қызметін жүзеге асыруға кедергі келтірген Dostyq mall сауда орталығының күзет қызметі бастығына қатысты сот үкімі шықты.

ӘСЕМ ЖАНАЛИНА, Петропавл қалалық сотының судьясы:

-Сот Dostyq mall сауда орталығының күзет қызметі бастығын кінәлі деп танып, 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауға үкім шығарды. 2021 жылғы желтоқсанның 7-сіндегі “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” заңына сәйкес бас бостандығын шектеу түріндегі негізгі жазадан босатылсын.

Сот белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны тағайындаған жоқ. Себебі, сотталушы отбасының жалғыз асыраушысы болып табылады. Оған қоса кәмелетке толмаған 3 баласы бар. Айыпты тұлға жәбірленушіге 10 АЕК – шамамен 30 мың теңге көлемінде өтемақы төлеуі тиіс.

 

Самал Жунусова