БілімБалаларМәдениет

Абай оқуларының мектепішілік кезеңі

«Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім». Абылай хан резиденциясына жиналған оқушылар хакім Абайдың өлеңдерін бірінен соң бірі жарыса оқуда. 10 жастағы Елнұр Оңдасын кемеңгер ақынның 44 шығармасын жатқа біледі. Оқушыға мағынасы терең, жан тебірентерлік шығармалардың ішінен «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» туындысы ерекше ұнайды екен.

ЕЛНҰР ОҢДАСЫН, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Мен Абай оқуларына 1-сыныптан бері қатысып жүрмін. Мектепішілік, облыстық сайыстарға қатысып, 1-орын алдым. Өскен соң одан да көп өлеңдер қосып, 50-60-қа дейін жеткіземін.

Ал Нұрай Қанағат болса, Абай оқуларына ұлы ағартушының 14 қара сөзін жаттап келіпті. Оның да осы күнге дейін жеткен жетістіктері баршылық. Жеткіншек осыған дейін дәстүрлі байқаудың басқа кезеңдеріне қатысып, үздіктер қатарынан көрінген.

НҰРАЙ ҚАНАҒАТ, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Мен қара сөздерді 1-сыныптан бері жаттап жүрмін. Өлеңдерінен «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін білемін.

Абай оқуларының мектепішілік кезеңіне ақынның аты берілген мектептің 18 шәкірті қатысып отыр. Қазылардың көңілінен шыққан 6 оқушының екеуі қалалық кезеңге жолдама алады. Ол сайыс наурыз айында өтеді деп жоспарлануда.

АЙГҮЛ ЕСЕНҒАЛИЕВА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:

– Осы байқауды ұйымдастыруда Абылай резиденциясының ұжымымен бірлестік. Оқушыларды тәуелсіз әділқазы алқасы таңдап алады. Байқаудан кейін оқушыларға экскурсия жүргізіледі. Марапаттау кезеңінде дипломдар резиденция ұжымы тарапынан беріледі.

Сайыс қорытындысы бойынша 3-сынып оқушысы Нұрмұхаммед Баратбай – мәнерлеп оқу, ал Нұрай Қанағат қара сөздерді жатқа оқу аталымында бірінші орын иеленді.

 

Алтынай Казиканова