Қоғам

45 жас “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасы бойынша жұмысқа тұрады

“Алғашқы жұмыс орны”. Мемлекет ұсынған бағдарламаның жемісін бүгінде Евгений Катунин көріп отыр. Осыдан 1 жыл бұрын азамат екі қолға бір күрек іздеп біраз жерді аралапты. Іздегені жұмыспен қамту орталығының көмегімен табылған екен. Қазіргі таңда жас жігіт оңалту орталығында фельдшер болып еңбек етеді.

ЕВГЕНИЙ КАТУНИН, оңалту орталығының фельдшері

– Жұмыс тез табылды. Өзім осыдан бірнеше жылы бұрын медициналық колледжді “Фельдшер” мамандығы бойынша тәмамдадым. Содан кейін Отан алдындағы борышымды өтедім. Әскерден келгеннен кейін “Енді не істеймін”? деген сұрақ туындады. Қуанышыма орай, жұмыспен қамту орталығының арқасында бір жұманың ішінде жұмыс таптым.

“Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту мерзімі – 18 ай. Бірақ, Евгенийдің қарым-қабілеті басшылықтың көңілінен шыққасын, ол бір жыл өтпей қызметке алыныпты. Қазіргі таңда жерлесіміз орталыққа келетін жандардың денсаулығын бақылайды, артық жүктеме түспеуі мен жаттығудың дұрыс жасалуын қадағалайды. Айта кетейік, жалпы осы және өзге де мемлекеттік бағдарлама бойынша бүгінде оңалту орталығында 6 адам жұмыс істеп жүр.

ҚАЙРАТ ЖҰМАДИ, оңалту орталығының директоры:

-Бағдарлама – бизнес жүргізуде үлкен көмек. Жұмысшылардың жалақысының көп бөлігін мемлекет өтейді. Бұл бізге тағы бір орталық пен жұмыс орындарын көптеп ашуға мүмкін береді. Үнемделген ақшаны маркетингке, жаттығу жабдықтарын алуға бағыттай аламыз.

Өткен жылы “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасы бойынша 10 жас екі қолға бір күрек тапқан. Ал биыл мемлекеттік жобамен 45 жанды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

БОЛАТ МАГУЯНОВ, қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Бұл бағдарлама бойынша толық ақпаратты еңбек порталында алуға болады. Бағдарламаға университет, колледждерді бітірген 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Оқушыларға да арналған арнайы категория бар. Аталған жоба аясында жұмыс істеуге ниетті жандар бұған дейін ешқайда жұмыс істемеуі қажет. Олардың зейнетақы аударымдары да болмауы шарт.

Айта кетейік, бұл бағдарлама ел бойынша 2019 жылы іске қосылды.

 

Алдияр Айтпаев