Құқық қорғау органдары

Тұрғындарды теріс ағымға тартпақ болғандардың жолы кесілді

Солтүстікқазақстандық полицейлер Ресей Федерациясының екі азаматы жүзеге асырған заңсыз діни қызметті тоқтатты. Олардың Қазақстанда тіркелмеген діни ұйымның ізбасарлары екені анықталды. Екеуі былтырдан бері біздің облысқа келгіштеп, тұрғындарды теріс ағымға тартпақ болған. Сөздеріне иландырып, азаматтардың санасын мессенджерлер арқылы улағаны анықталды. Заңға сәйкес, қызметi тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiне қатысқаны үшін 50 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу көзделген.

РУСЛАН НАЗАРОВ – облыстық ПД бастығының орынбасары:

– 42 жастағы ер адам мен 60 жастағы әйел жалдамалы пәтерде ұсталды. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 489-бабының 10-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл ұйым Ресей Федерациясында тоталитарлық деп танылып, бүкіл аумағында оның әрекетіне тыйым салынған. Қазіргі уақытта құқық бұзушылардың заңсыз әрекеттерін одан әрі тексеру жүргізілуде.

 

Алтынай Казиканова