БілімБалаларҚоғам

Биыл қаладағы барлық мектептерге мамандандырылған күзет қойылады

Оқушылардың қауіпсіздігі – басты назарда. Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында 95 бейнебақылау камерасы бар. Оның 70-сі нысанның ішінде болса, қалғаны сыртына қойылған. Қондырғылардың барлығы жедел басқару орталығына қосылыпты. Сонымен қатар, оқу ұясына турникет те орналастырылды. Ұл-қыздар мен ұстаздар ішке арнайы карта арқылы өтеді.

МАРЖАН СЕРАЛИНА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы директорының міндетін атқарушы:

– Мектебімізде 4 жедел кнопкасы жұмыс жасауда. Әрбір қабатта бір-бірден. Егер басатын болсақ, жедел түрде «Барс» күзеті осында келеді. Бұл да мектептің қауіпсіздігі үшін қолданылып жатқан шаралардың бірі.

Наурыздың бірінен бастап мектепке арнайы күзет қойылады. Іске қандай ұйымның жауапты болатыны әлі белгісіз, қазір конкурстар жүріп жатыр.

МАРЖАН СЕРАЛИНА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы директорының міндетін атқарушы:

– Қазіргі кезде мектебіміздің штатындағы күзетшілер жұмыс істейді. Таңғы уақыттан кешке дейін вахтада отыратындар, кешке мектеп күзетшілері отырады.

Жалпы, биыл білім ұяларының түгелі дерлік жедел басқару орталығына қосылған. Сәйкесінше, дабыл түймесімен де қамтамасыз етілді. Бұл іске 105 млн теңге жұмсалыпты.

НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Биыл 100 млн теңге бөлінді. Жыл соңына дейін Петропавлдағы барлық мектептерге арнайы күзет қоюды жоспарлап отырмыз. Бүгінде білім беру нысандарының барлығына да бейнебақылау камерасы орнатылды.

Заман игіліктерінің саны 12 мыңға жуықтайды.