Қоғам

Жеңілдетілген автонесие алуға өтінім қабылдау басталды

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Бүгін ел бойынша жеңілдетілген автонесие алуға өтінім қабылдаудың 2-ші кезеңі басталды. Науқан autonesie.kz ресми сайты арқылы жүргізіледі. Ақпанда су жаңа темір тұлпарды 761 қазақстандық тізгіндеуге мүмкіндік алмақ. Ең қызығы, мұншама адам небәрі 18 секунд ішінде өтініш беріп үлгеріпті.

Көлік алуға жеңілдікпен несие беру бағдарламасының шарттары өзгеріссіз қалды. Ең біріншіден, автомобиль құны 15 млн теңгеден аспауы қажет. Кредит тек 10 млн теңге сомасында беріледі. Бастапқы жарна – 0 пайыз. Бірақ, темір тұлпардың бағасы 10 млн-нан асса, онда артылған қаражатты сатып алушы бастапқы жарна ретінде бірден өтеуі шарт.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– 2022 жылы Қазақстанда жинақталған “Hyundai Sonata” көлігі. Бұл темір тұлпардың бағасы – 13 млн 490 мың теңге. Бүгін таңертең көлік 4 пайыздық автонесиемен рәсімделді. Енді бұл тұлпар үшін иесі 7 жыл бойы ай сайын 137 млн теңге төлеп отырады. Қосымша ақы – 1 млн 482 мың теңге.

Әзірге, сатып алушы автомобиль құжаттарын рәсімдеу үстінде. Шаруа аяқталғасын шамамен 10 күннен кейін клиент арманындағы темір тұлпарға қол жеткізеді. Осы ретте айта кетейік, көліктің бағасымен қатар қайда шығарылғаны да маңызды. Себебі, автонесие отандық көліктерге ғана беріледі. Мұны теріскейліктердің біразы жақсы біледі.

САҒИТ ӨТЕГЕНОВ, автосалонның сауда жөніндегі директоры:
– Таңнан бірнеше адамның өтініші мақұлданды. Қазіргі таңда біз көліктерді тіркеумен айналысудамыз. Азаматтар Б-класс санатындағы Hyundai маркалы көліктерді алмақ.

Бүгін көлік салонынан Берік Мұқышев та автомобиль қарауда. Азаматтың автонесие жайлы аз-кем хабары бар.

БЕРІК МҰҚЫШЕВ, қала тұрғыны:
– Жаңа көлікті күйеу балам алғысы келіп жүр. Мен жай қарап жүрмін. Автонесие жайлы хабарым бар. 4%-дық несие – жастарға темір тұлпар тізгіндеуге жақсы мүмкіндік.

Автонесие еліміздің 4 банкі арқылы рәсімделуде. Айта кетерлігі, ендігі өтініш қабылдау қазақстандықтар үшін наурызда басталады, одан әрі қарай ай сайын өтіп отырады.

Алдияр Айтпаев