Білім

Университет студентіне Зарқын Тайшыбайдың атаулы шәкіртақысы табысталды

Талапты білім алушыларға қолдау көрсету. Қозыбаев университетінің студенті Ұлан Ыдырысқа академик, профессор Зарқын Тайшыбайдың атаулы шәкіртақысы табысталды. 3-курста оқып жүрген жас бүгінгі марапат зор жетістік екенін әрі әрмен қарай жылжуға мотивация беретінін айтады.

ҰЛАН ЫДЫРЫС, Қозыбаев университетінің студенті:
–  1 курстан бастап “Парасатта” еңбек еттік. Ұстаздар құрамына алғыс білдіргім келеді. Себебі, бұл – дауыс беріп алынған стипендия. Осындай стипендия алып жатқаныма өте қуаныштымын.

Енді Ұланға әзірге бір семестр бойына 45500 теңге мөлшерінде шәкіртақы төленіп отырады. Зарқын Сыздықұлының атынан көрсетілетін мұндай қолдау студенттің мойнындағы жауапкершілікті арттырып, көшбасшылыққа тәрбиелейтіні сөзсіз. Жалпы, академиктің университет, әсіресе, «Журналистика» кафедрасына қосқан үлесі орасан зор. Арнайы стипендия тағайындауы – тіптен бөлек.

АҚМАРАЛ ЫБЫРАЕВА, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы-ректорының кеңесшісі:
–  Ол кісінің тәрбиелеп шығарған шәкірттері еліміздің бұқаралық саласында көп қызмет жасап жатыр.  Қозыбаев университетінде «Журналистика» саласының қалыптасуына бірден-бір үлес қосқан, негізін салған – Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай. Ол кісінің еңбегі ұшан-теңіз.

Зарқын Тайшыбайдың атаулы стипендиясы енді студенттерге жыл сайын беріліп отырады. Оған ие болу үшін оқуда үздік болып, журналистиканың дамуына өзіндік үлес қосу керек.

ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ, академик, профессор:
–  Адамдар жердің сәні болатын болса, адамдарға ақпарат беретін журналистер шықпай қалатын болса, адамдардың сәні кетіп қалар еді. Бәрі бір-бірімен байланысты. Жас болғандарыңмен, мойындарыңда үлкен жүк тұрғанын біледі.

Университет қабырғасындағы бүгінгі шарада кафедраның өміріне белсене араласып жүрген студенттер марапатталды.

Алтынай Казиканова