СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Аймақ басшысы Ербол Хамитовқа пәтер кілтін табыс етті

Аймақ басшысы Айдарбек Сапаров Швецияның Эстерсунд қаласында парашаңғы мен парабиатлоннан өткен әлем чемпионатында топ жарған Ербол Хамитовты қабылдады. Ел намысын абыроймен қорғаған теріскейлік спортшы тарихқа енді. Ол бұрын-соңды ешбір қазақстандық жетпеген жетістікке жетіп отыр. Мұны облыс әкімі құттықтау сөзінде атап өтіп, чемпионға әрдайым биік белестерден көрінуді тіледі.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  Біздің елдің тумасы Ербол Хамитов үлкен жетістікке жетіп отыр. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жақсы дайындықтың, еңбектің арқасында келді. Ербол, өзіңізді шын жүректен құттықтаймын!

Құттықтау сөзінде Айдарбек Сапаров Ерболдай елдің ұлын өсірген чемпионның ата-анасы – Ғалымкерей Құсайынов пен Ғалия Алпыспаеваға да алғыс білдірді. Ерен еңбек елеусіз қалмайды. Кездесу барысында облыс әкімі параспортшыға ақшалай сыйақы мен қызметтік пәтердің кілтін табыс етті.

Ербол Хамитов параспортқа 2018-ші жылы келді. Қайсар жігіт аз уақыттың ішінде мүлде басқа бағытқа бейімделді. Былтыр Қытайда өткен параолимпиадаға да қатысты. Алайда, аспан асты елінде мәре сызығын 7-ші болып кесті. Есесіне, биыл алтыннан алқа тағынып отыр.

ЕРБОЛ ХАМИТОВ, парашаңғы спортынан әлем чемпионы:
– Параспортқа алғаш келгенде маған жеңіл атлетиканың бір түрі – ядро лақтырумен айналысу ұсынылды. Менің табиғатым жылдамдыққа, күреске жақын. Сондықтан, шаңғыны таңдадым. Көп тер төгілді. Қиын шақта жақындарым, жаттықтырушыларым қолдау көрсетті. Соның арқасында бүгін әлем чемпионы атанып отырмын. Қолдау көрсеткен жандардың барлығына алғыс білдіремін!

Щвецияда Ербол Хамитовтан бөлек, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Денис Зинов сынды жерлестеріміз де бақ сынады. Спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына аймақ басшысы Айдарбек Сапаров алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады.

Байболат Култанов