Қоғам

Ақжар ауданының тұрғындары ауыз су сапасына шағымданды

Ақжар ауданының тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелердің бірі – орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің жоқтығы. «AMANAT» партиясының Ақжар аудандық филиалының өкілдері жүргізген мониторинг барысында азаматтардың көбі осы мәселені қозғаған. Ауданда 6 ауыл орталықтандырылған су жүйесімен жабдықталмаған. Тұрғындар тіршілік нәрін жергілікті көздерден тұтынады, ал ондағы су таусылуға жақын. Ақжарлықтардың айтуынша, су көбіне құммен аралас келеді екен. Ақсары, Баймырза, Горьковское, Восход, Май мен Ұялы ауылдарына магистральдық су құбырын салу жобасының әзірленіп жатқанына бірнеше жыл болған сыңайлы. Оған қоса қаржы қажет. Партиялық филиал жетекшісі Оксана Киккаринова барлық тілектер сайлауалды бағдарламаға енгізілетінін айтады. Соңғы екі аптада аманаттықтар Ақжар ауданында 40-қа жуық өтініш жинаған. Оның бір бөлігі аталған құжаттың жобасына енгізіліпті.

Самал Жунусова