Мәдениет

Сталинград шайқасына қатысқан майдангерлердің ерлігіне арналған көрме

Сталинград қаласы жаудан азат етілген күн облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұмыт қалған жоқ. Мұнда «Еділ бекінісі» атты көрме қанат жайды. Онда осыдан тура 80 жыл бұрын тізеден су, толарсақтан саз кешіп, шаһарды жау қолынан босатқан солтүстікқазақстандық майдангерлердің ерлігі жайлы баяндалды.

ЕРКЕБҰЛАН АХМЕТЖАНҰЛЫ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:
–  Көрмеде СҚО-дан соғысқа аттанған, яғни Сталинград шайқасына қатысқан тұлғалардың суреттері мен жеке заттары қойылған. Мысалы, мұнда әскери медициналық қызметкер Абрамованың портреті, оған берілген құрмет мадақтамасы және оның медициналық жиынтығы бар.

Ал көрменің мына бөлігі ағайынды Қарымбаевтарға арналады. Екеуі де Сталинград шайқасына қатысқан. Бір үйдің қос ұлы бір майдан даласында жүргенімен бір-бірін кезіктірмеген, екеуі де соғыстан аман оралған.

ЕРКЕБҰЛАН АХМЕТЖАНҰЛЫ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:
–  Витринада Борис Қарымбаевтің ағасы Бажкен Қарымбаевпен Ұлы Отан соғысынан кейін түскен портреті қойылған. Осы кісілерге байланысты басқа жеке құжаттарымен танысуға болады. Сонымен қатар, оған соғыстан кейін сыйға тартылған скрипка да бар. Осы экспонаттардың барлығын Борис Қарымбаевтың қызы Зоя Борисовна әкелген болатын.

Жерлес батырларды ұлықтап, еске алуға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері келді. Лейла Нұрғалиеваның әкесі де Сталинград шайқасына қатысқан екен. Бүгінгі көрмеге нәзікжанды асқар тауының фотосуреттері мен медалін әкеліпті.

ЛЕЙЛА НҰРҒАЛИЕВА, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:
–  Сталинград шайқасы басталғанда әкем 19 жаста еді. 18 жасында майданға шақырылып, Мәскеуде оқу-жаттығу жиындарынан өткен. Бірде-бір жарақат алған жоқ. Соғыс жайлы айтқанды ұнатпайтын. Отты күндерді еске алу оған аса қиын болды деп ойлаймын.

Көрмеде Сталинград шайқасында болып, жеңісті жақындатқан дәрігерлер мен медбикелердің, радиооператорлар мен аудармашылар туралы баннерді де көруге болады. Олардың бәрі – солтүстікқазақстандықтар.

ВЕРА АНДРЕЕВА, облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы:
– Сталинград шайқасына өңірімізден біраз әйел қатысқан. Олар соғыс кезінде ер азаматтардың барлық мамандықтарын игеріп алған. Дәрігерлер мен медбикелер де аз болған жоқ.

«Еділ бекінісі» атты көрме мамырдың 9-ына дейін жалғаспақ.

Самал Жунусова