МТРА жаңалықтары

Петропавлдық ұжым республикалық байқауда үздік атанды

Петропавлдық ұжым “Үздік ұжымдық шарт” республикалық байқауында жеңімпаз атанды. Жұмыс орындарында қолайлы еңбек жағдайларын жасап, қызметкерлердің құқықтарын қорғау – кәсіподақ ұйымының басты мақсаты. Сала өкілдерінің сөзінше, кей жағдайларда қызмет ұсынушылар өздеріне жүктелген талаптарды елемей жатады. Салдарынан жұмысшылар тарапынан наразылық туындайды. Екі тарап арасындағы мәселені ұжымдық шарт құру арқылы шешуге болады. Онда қолданыстағы заңнама шеңберінде жұмыс беруші мен қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері жазылады.

Темірғали Әбілмәжінов, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ СҚОФ төрағасы:
– Былтырғы жыл кәсіподақ федерациясында «Әлеуметтік әріптестік» жылы деп аталды. Соның аясында бірқатар жұмыс атқарылды. Өткен жылдың мамыр айында еліміздің барлық аймағынан кәсіподақ ұйымдарының мамандары келіп, тәжірибе алмасып, ауқымды форум өткіздік. Жалпы, 2022 жыл біз үшін жемісті жыл болды.

“Ұжымдық шарт жасағанның ұтары көп. Бұл маңызды құжат ұжымдағы әлеуметтік тұрақты­лық­тың кепілі”,- дейді Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының мамандары. Дәл осы ұйымның ұжымдық шарты республикалық байқауда үздік атанып отыр. 150-ге жуық адам еңбек ететін орталықтың құжаты жұмысшылардың бастамалары бойынша әзірленіпті. Ал басшылық оларды қолдаған екен.

ЕЛЕНА ШЛЯХТИНА, Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының төрайымы
– Келісімшарт бойынша біз зейнетке шығатын жұмысшыларымызға міндетті түрде өтемақы төлейміз. Мемлекеттік мекеме болғандықтан бюджетке қарап, жетекшімізбен ақылдасып, мәселені шешеміз. Сондай-ақ, қызметкерлердің жұмысқа деген ынталарын арттыру үшін сыйақы қарастырылған.

“Осындай ережелер әр ұжымдық шартта болуы тиіс”,- дейді сала өкілдері.

Дана Ешкенова