Қоғам

Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы

Облыстық кітапханада дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай іс-шара ұйымдастырылды. Онда жиналған қоғам белсенділері өзекті мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын ұсынды. “Сеніммен болашақ” республикалық қоғамдық бірлестігі отбасы құндылықтарына аса мән береді. Ұйым жетекшісі Жанат Мұхаметжановтың сөзінше, елді дамытуда бірінші кезекте ата-ананың алар орны зор. Себебі, сол жандар болашаққа үміт артып отырған жастарды тәрбиелейді.

ЖАНАТ МҰХАМЕТЖАНОВ, “Сеніммен болашақ” РҚБ СҚО бойынша филиалының жетекшісі:
– Біз мұғалім, дәрігер немесе кез келген мамандықты таңдасақ, университетте 4-5 жыл оқып, білім аламыз. Ең қиын мамандықтың бірі – ата-ана болу. 2021 жылы 140 256 отбасы құрылса, соның 48 239 айырылысқан екен. Өкінішті статистика. 48 мың отбасының артында қанша бала тірі жетім болып қалды. Отбасы құндылықтарын насихаттау үшін осындай бірлестік құрдық.

Жанұяларды сақтап қалу мақсатында қоғамдық бірлестік біршама шара өткізіп үлгеріпті. Ұйым өкілдері былтыр алғаш рет тамыздық ата-аналар конференциясын ұйымдастырған. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар 30 жылдан астам уақыт бойы қоғам өмірінде маңызды рөл атқарып келе жатқандығын атап өтті.

КЕМЕЛ ОСПАНОВ, СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:
–  Біз үшін үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет арасындағы әріптестік қатынастарды дамыта беру маңызды болып саналады. Үкіметтік емес ұйымдар мен олардың белсенді қызметтері қоғамымыздағы демократияландыру үрдісіне оңтайлы ықпал етіп келеді. Үкіметтік емес ұйымдар – біздің егемендігіміздің төл құрдасы.

Қазір елімізде әлеуметтік маңызды салаларда жұмыс жүргізіп жатқан 5900 үкіметтік емес ұйым бар. Біздің өңірде деректер базасына 105-і жазылған.


Алтынай Казиканова