Құқық қорғау органдары

Жидек теріп жүріп оққа ұшқан әйелдің өліміне қатысы бар инспектор сотталды

Мамлют аудандық сотында сейсенбі күні қаралып, бір нүктесі қойылған істің жалғасы болды. Адамды аң деп ойлап мылтық атқан ер адамның қасында тұрған учаскелік инспекторға қатысты сот үкімі шықты бүгін. Еске сала кетейік, өткен жазда Жамбыл ауданында жидек теріп жүрген әйел аңға шыққан адамның оғынан қаза тапты. Сол сәтте аңшының қасында тәртіп сақшысы Қабай Әлтеев болған. Бүгін ол ауыр зардаптарға алып келген қызметтегі әрекетсіздігі үшін сотталды.

АЗАМАТ ДҮЙСЕНОВ, Мамлют аудандық сотының судьясы:
–  Сот Қабай Әлтеевті кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Ол құқық қорғау және мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылады. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.

Белгілі болғандай, бұған дейін 3 жылға бостандығынан айырылған аңшы мен
Қабай Әлтеев екеуі сол сәтте мас күйде болған. Осыны алға тартқан прокурор сотта Әлтеевті 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда, сот Қабай Әлтеевтің кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты және марқұмға алғашқы медициналық көмек көрсеткені үшін жазасын жеңілдеткен. Марқұмның жақындары бұл үкіммен келіспей отыр.

АЛТЫНБЕК САЙЛАУОВ, марқұмның баласы:
–  Сот шешімі көңілімнен шықпады. 5 жыл деген аз. Анамды атқан винтовка табылмады. Егер зейнеткердің кінәсі болса, қаруды олар тапсыру керек еді. Бірақ, олар тығып тастады. Онда Әлтеевтің саусақтарының ізі бар шығар деп ойлаймын.

Самал Жунусова