Қоғам

Жазасын өтеп жатқандардың арасындағы жарыс

Қылмыс жасап, темір торға тұсалса да таланттары тұсалмағандар! Бүгін қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №50 мекемесінде “Маска шоу” ұйымдастырылды. Сайысқа 5 жазасын өтеуші қатысты. Байқау 2 кезеңнен тұрады. Әр сында додамен 2 адам қош айтысады. Сол себепті, қатысушылар барынша дауыстарын өзгертіп, маскаға мықтап жасырыну керек.

Ортада – “Crazy бақа”. Бетін маскамен көлегейлеген жанның сайысқа мықтап дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Сахнаға шыға сала көрермендерді күлкіге қарық қылды. Айтқан әні де көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Нәзікжанды “бірде бір бала анасыз қалмасын,”- деген сөздері бар әнді шырқады. Бақа образында шыққан – Назгүл Құсайынова.

НАЗГҮЛ ҚҰСАЙЫНОВА, жазасын өтеуші:
– Мекемеде 2,5 жыл өз жазамды өтеп жатырмын. Әншілікпен ешқашан айналыспағанмын. Мекемеде жұмыс істейміз. Бос уақытымызда кітап оқимыз, психологиялық үйірмелерге қатысамыз. Бұл байқауға 3 апта дайындалдым. Дайындық қиын болды. Костюмді қолмен тіктік. Бұл жерде мәселе жеңуде емес, қатысуда. Өзіңнің бар таланттарыңды ашасың іштегі.

Сайысқа қатысқан әрбір жанның қасында 5 көмекшісі болған. Ол жандар киім тігіп, байқауға дайындалуға көмектескен. Жалпы, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №50 мекемесінде сотталушыларды қолдауға арналған мұндай шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады екен. Айта кететіні, “Маска шоу” алғаш рет өткізіліп жатыр.

ТАНА ҚАЗЖАНОВА, СҚО бойынша ҚАЖД №50 мекемесінің жасақ бастығы:
–  Біз жоспарға сәйкес барлық сотталғандарға алдағы уақытта қандай шара өтетіндігі алдын ала айтамыз. Олар сол бағытта дайындалады. Кез келген сәтте бізге келіп, қандай қиындықтар немесе көмек керектігін айтады. Қазіргі таңда жазасын өтеушілердің 90% еңбекпен қамтылған.

Жақында мекеме қабырғасында қазақ тілін оқыту курстары да ашылыпты. Яғни, қазіргі таңда сотталушылар ана тілімізді меңгеруде. Жалпы, бүгінгі таңда мұнда 200-ге тарта нәзікжанды жазасын өтеуде.

Алдияр Айтпаев