Мәдениет

М.Жұмабаевтың дүниеге келгеніне – 130 жыл

Қазақтың ұлы ақыны, қазақ әдебиетінің классигі, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналып облыстық кітапханада «Біздің Мағжан» атты көрме ұйымдастырылды. Шара барысында келушілерге ақиық ақынның тізіліп тұрған шағармалары таныстырылды. Сөреде ақын өлеңдерінің жинақтары, мақалалары, фотосуреттері мен бірнеше тілде жарық көрген кітаптары қойылған. Қарымды қаламгер Жақсыбай Самраттың айтуынша, бұл көрмеде ақиық ақынның өмірі мен шығармашылығынан сырт шертетін тың дүниелер көп.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, журналист:
– Көрмеде Мағжанның Мәскеуде жоғары әдеби институтында оқыған кездегі куәлігінің көшірмесі тұр екен. Бұл құжаттар кішкене адамды толқытады. Себебі, осы деректерді Мағжанның өзі ұстады-ау деген сезім туындайды. Сондай-ақ, мен біліп, білмейтін кітаптар тұр екен. Жеке кітап болып шыққан “Батыр Баян” поэмасы да бар.

Жиында жас ақындар күй тартып, өлең оқыды. Ортада – Kozybayev университетінің студенті Диас Аяған. Ол Мағжан Жұмабаевқа арнап «Күн ұлы» атты 7 шумақ өлең шығарған. Жас ақын мектеп кезінен қалам тербейді. Бүгінде 30-ға жуық тырнақалды туындысы бар.

ДИАС АЯҒАН, Kozybayev университетінің студенті:
–  Жалпы, Мағжан Жұмабаев – қазақ халқының маңдайына біткен біздің ұлы ақынымыз. Мағжан маған күн ақыны сияқты елестейді. Алаштың аспанында бүгінгі ұрпағына шуақ шашып тұрған ақын. Соны мен өз өлеңімде жаздым.

Бірі білсе, бірі білмес, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев 4 жасынан бастап ауыл молдасы Ахметдиннің қасында оқи бастайды. Кейін Петропавлдағы медреседе оқуын жалғастырып, 1910-11 жылдары Уфадағы Ғалия медресесіне түседі. Осылайша, көрнекті жазушылармен танысады.

АМАНГЕЛДІ ЖҮСІПОВ, Мағжан Жұмабаевтың ұрпағы:
– Мағжан Жұмабаев екеуіміздің руымыз – Есентаңырақ. Біздің ұлы аталарымыз бұрынғы Сасықкөл деген жерде тұрған. Осы суретті маған Мағжанның жұбайы Зылиха “Мағжанды көзіңдей көріп жүр, балам” деп сыйлаған болатын.

Жиынға облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің ардагерлері, студенттер мен оқушылар қатысты.


Гульден Симбаева