ТЖ

Есіл ауданында үш адам ыстан уланып қалды

Бүгін таңғы 5-тер шамасында Явленка ауылында
бүтін бір отбасы иіс тиіп, уланған. Себеп – үй иесі пештің мұржасын ерте жауып тастаған. Қазір жанұя мүшелері орталық аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр.

 Егор Яровой, Явленка орталық аудандық ауруханасының терапевт-дәрігері
– Бүгін таңғы 5-тер шамасында біздің аруханаға иіс тиіп, уланған 3 адам жеткізілді. Науқастарға тез арада тиісті көмек көрсетілді. Қазір жағдайлары тұрақты. Дәрігерлердің бақылауында.

Жалпы, Еслі ауданында жылыту маусымы басталғалы тұрғын үй секторында 11 өрт оқиғасы тіркелген. Қызыл жалынның салдарынан 3 адам қайтыс болды.

Жұлдыз Есенғазин, Есіл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы
– Өткен жылдың желтоқсан айында Николаевка ауылында оқыс оқиға тіркелді. Тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, егде жастағы әйел адам көз жұмды. От пештен шыққан. Биыл аудан орталығында электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан өрттен екі бірдей адам қаза тапты.

Өрт оқиғасының алдын алу үшін жергілікті құтқарушылар, полицейлер мен волонтерлер қазір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар аудандағы жер үйлерді аралап, пештердің жағдайын бағамдап, жылыту маусымы кезінде ұстану қажет ережелерді еске салды.

Сондай-ақ, құтқарушылар рейд барысында жалғызбасты зейнеткердің үйіне автономды түтін датчигін орнатып берді.


Дана Ешкенова