Қоғам

Ақпанда жел жиі соғады деп болжануда

Бұрқасын, секундына 15-20 метрге жететін жел жиі соғады. Жергілікті синоптиктер келіп жеткен айға арналған ауа райы болжамымен бөлісті. Ақпанда орташа айлық температура 14 пен 16-ның арасында болмақ, яғни норма шамасында. Бірінші онкүндіктің соңында күн суытуы мүмкін.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:
–  Екінші онкүндікте ауа температурасын түнде 20-25 градус аяздан 25-30 градус аязға дейін, күндіз 8-13 градус аяздан 13-18 градус аязға дейін төмендеуі болжанады. Содан кейін ауа температурасы түнде 18-23 градус аязға дейін, күндіз 7-12 градусқа дейін жоғарылайды. Онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде 23-28 градус аязға, күндіз 12-17 градус аязға дейін төмендеуі күтеледі.

Гүлзат Ғазизова үшінші онкүндіктің басында сынап бағанасының жоғарылауы күтілуде екенін айтты. Одан кейін ауа температурасы ауытқып отырады.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, “Қазгидромет” РММ СҚОФ бөлім басшысы:

Онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде 23-28 градус аязға, күндіз 10-15 градус аязға дейін төмендеуі болжанады. Бір айда жауын-шашын мөлшері норма шамасында: кей жерлерде нормадан көп болады деп күтілуде.

Синоптиктер айдың басында тұман түсуі мүмкін деп отыр.


Алтынай Казиканова