Қоғам

Денсаулық сақтау мекемелерінде қолдануға болмайтын 139 құрылғы анықталды

 

Техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО бойынша департаменті өткен жылды қорытындылады. 12 ай ішінде мамандар 51 нысанға тексеріс жүргізіп, 27-сінен олқылықтар тапқан. Мемлекеттік бақылаудың қорытындысы бойынша 2 млн 603 мың теңге сомасында айыппұл салыныпты. Мәселен, денсаулық сақтау мекемелерінде қолдануға болмайтын 139 құрылғы анықталған. Оның ішінде талапқа сай келмейтін термометр, тонометр, электрокардиограф, ультрадыбыстық аппаратура сынды приборлар бар.

ВАДИМ МАРШАКОВ, ҚР Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:
–  Техникалық реттеу саласына тоқталайық. Жүргізілген профилактикалық бақылаудың нәтижесінде тауарларды таңбалау және талапқа сәйкестігін растайтын құжаттар бойынша сұрақтар туындады. Тиісті шара қолданылып, олқылықтар реттелді. Сонымен қатар, зергерлік бұйымдар төңірегінде де түртіп алатын мәселелер тіркелді. 4700 затқа сынау және таңбалау жүргізілді.

Департамент қаладағы мекемелерді аралап, мемлекеттік рәміздерді де тексеріп шыққан. Мониторинг барысында 59 нысанды аралаған. Белгілі болғандай, 15 олқылық анықталды.

ВАДИМ МАРШАКОВ, ҚР Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:
–  Кейбір мекемелерде түсі өзгеріп, жыртылып қалған тулар тұр екен. Ескірген елтаңбаларды да таптық, өңі кетіп қалғандары да кездесті. Рәміздерді жаңарту бойынша жедел шара қолданылды. Айта кетсем, департамент осы жылға бақылаудың жаңа форматын жүргізуді жоспарлап отыр. Яғни, профилактикалық тексерістердің кейбірі мекемеге бармай-ақ жүргізіледі.

Вадим Маршаковтың айтуынша, субъектілер олқылықтарды кешіктермей реттеуге тырысады. Қосымша уақыт сұрағандар да болыпты. Оның өзіндік себебі де бар. Біздің облыста өнімді сертификаттайтын жер жоқ. Басқасына баруға уақыт керек.


Алтынай Казиканова