Спорт

“Qulager” ХК астаналық “Nomad” ұжымын тізе бүктірді

 

“Qulager” ХК астаналық “Nomad” ұжымын тізе бүктірді. Петропавлда өткен матч 2:1 есебімен аяқталды. Бірінші периодта айдын иелері ширақ көрінді. Қарсыласты қыспаққа алған жергілікті жігіттер ойынның 3-ші минутында елордалықтардың қақпасынан саңылау тапты. Шайбыны Кирилл Старцев соқты.

Бұл нәтижелі шабуылдан кейін қос команда да бірнеше рет қақпаларына соққы жұмсады. Бірақ, есеп өзгермеді. Осылайша, жігіттер үзіліске 1:0 есебімен тарқасты.

ДЕНИС НЕДИЛЬКО, “Nomad” ХК қорғаушысы, Астана қаласы:
–  Бір шайбы өткізіп алдық. Негізі, кездесу жақсы өтіп жатыр. Қос ұжым да жылдам қимылдауда. Бәсекелестік жоғары.

Бұл матчты көру үшін айдынға көрермен көптеп жиылды. Үзіліс барысында олармен де тілдесіп, ойын жайлы ойларын білдік.

–  Бастамасы жаман емес. Шайбы үшін талас қызу. Бәсі биік бәсекенің куәсі болып отырмыз.
–  Ойын жақсы өтіп жатыр. Екі команда да мықты екен. Кімнің жеңіске жететінін уақыт көрсетеді. Әзірге, бірінші периодта біздің хоккейстер алда.
– Біздің спортшылар азулы “Nomad” ұжымына лайықты түрде қарсыласуда. Бүгін “Qulager” жеңеді деген сенімдеміз.

Екінші периодта шайбы дабылы қос мәрте құлаққа шалынды. Бірінші болып қонақтар қақпамыздан саңылау тапты. Осылайша, астаналықтар есепті теңестірді.

Көп ұзамай “Qulager”-ліктер де үн қатты. Команда нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, есепте алға шықты. Гол авторы – Ярослав Хрипков. 3-ші периодта қос команда қорғанысқа ерекше назар аударды. Бұл 20 минуттықта жанкүйерлер гол куәгерлері бола алмады. “Qulager” ХК мен “Nomad” арасындағы кездесу 2:1 есебімен петропавлдықтардың пайдасына шешілді. Қос ұжым арасындағы қарымта кездесу бүгін кешке өтеді.


Алдияр Айтпаев