Қоғам

Өңірде 4 мыңнан астам шетел азаматы бар

 

Қазақстанда шетелдіктердің келу және болу ережелері өзгерді. Қаңтар айының басында жарияланған ресми қаулы 4 күн бұрын күшіне енді. Шетелдік азаматтар қандай жағдайда ел аумағында бола алады? Бұл сұраққа облыстық көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы Жанат Сағынтай жауап берді.

ЖАНАТ САҒЫНТАЙ, СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:
– Көшіп келушілердің Қазақстанда болуына рұқсат етілмеген мерзімдері: визасыз келгендер үшін мемлекеттік шекараны кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік 30 күн, күнтізбелік 180 күн жиынтығында 90 күн өткен соң аяқталады. Кеден одағы азаматтары үшін шекараны кесіп өткеннен бастап күнтізбелік 90 күн, 180 күн ішінде жиынтығында 90 күн өткен соң аяқталады.

Шетелдік азамат айтылған талаптарды сақтамаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәселен, ел аумағында рұқсатылған етілген болу мерзімі 3 күнге асып кеткен жағдайда ескерту жасалады. Келесі жолы айыппұл салынады.

НҰРСҰЛТАН МҰСТАФИН, СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының инспекторы
–  “Ел аумағында болу мерзімі 5 күнге көп болса, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Асып кеткен күндер 10-ға жақындаса, 15 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. 10 күннен көп жағдайда әкімшілік материал жиналады.

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
– Бұрын шетелдіктер болу мерзімі аяқталғаннан кейін Қазақстаннан шығып, бірден қайта кіре алатын. Осылайша, олардың болу шарттарының жаңаруына мүмкіндік болған. Бұл әдіс “визаран” деп аталады. Енді қаңтардың 27-нен бастап аталған тәсіл ресми түрде жойылды.

Яғни, енді шетелдіктерге беріліп келген визаранның күші жойылды.
Жалпы, қазіргі уақытта өңірде 4 мыңнан астам иммигрант бар екен. Ел шекарасынан бері қарай өткен өзге мемлекет азаматтарының жүріс-тұрысы – көші-қон қызметінің бақылауында.

ЖАНАТ САҒЫНТАЙ, СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:
– Заңды бұзып шекарадан өту фактілері тіркелмеген. Көбіне ҚР аумағына РФ азаматтары жұмыс бабымен немесе туысқандарына келіп жатады. Жарты жыл ішінде шетел азаматы 90 күн ғана Қазақстан аумағында бола алады.

Айта кетейік, жаңа ережелер ел аумағына қаңтардың 27-сінен бері қарай өткен шетелдіктерге қатысты.


Самал Жунусова