Қоғам

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау

 

Дөңгелек үстел басына жайғасқан мына іскер жандарды көпшілік біледі. Олар бүгін облыстық кәсіпкерлер палатасына арнайы шақырылып отыр. Мұнда бизнесмендердің базынасы қаралмақ. Өткен жылдың соңында көпқабатты үйлердің астында дүкені, дәмханасы немесе қызмет көрсету орны бар азаматтар “таңғажайып” түбіртек алған. Коммуналдық қос парақта жылу үшін бұрынғыдан әжептәуір артық сома жазылыпты.

ШЫҢҒЫС ЖЫЛҚЫБАЕВ, СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:
–  Кәсіпкерлер тұтынатын жылу көлемі өзгермеген. Алайда, монополист көлемді шамамен 2 есеге арттырған. Нысанның шаршы метрі және арнайы коэффициент назарға алынып, негізсіз есептеу жүргізілді деп санаймыз. Санақ жүргізілді. Сол кезде мұндай мәселеге 300-ге жуық кәсіпкердің тап болғаны анықталды.

Сандарды бір-біріне көбейтіп, басы қатқан жанның бірі – Елена Игнатенко. Ол қаламыздағы кеңселердің біріне иелік етеді. Өзі заңгер. “Жылу үшін төлемді көргенде төбе шашым тік тұрды”,- дейді азаматша.

ЕЛЕНА ИГНАТЕНКО, кеңсе иесі:
–  Жаңа есептеудің негізінде 84 шаршы метрді құрайтын менің кеңсем 198 шаршы метрге айналған. Тиісінше, жылу үшін төлем әжептәуір артқан. Заңгер ретінде айтарым, біз тұтынған жылуға ғана ақша төлеуіміз қажет. Артық есептеудің қажеті жоқ. Мұның бәрі бір емес, бірнеше құжатта жазылып тұр.

300-ге жуық жерлесіміздің басында Игорь Бухонин тұр. “Риск” кәсіпкерлер одағы” қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы “Севказэнергосбыт” серіктестігі коммерциялық, яғни қосымша табыс табу мақсатында төлемді арттырды деп отыр.

ИГОРЬ БУХОНИН, “Риск” кәсіпкерлер одағы” ҚБ басқарма төрағасы:
–  Бұл мәселенің артында шикілік бары айдан анық. “Севказэнергосбыт” серіктестігі қолданып жатқан есептеудің жаңа түрі – кәсіпкерлерге қарсы шара. Бізді тонау десек те болады. Проблеманы мұқият қарап, шешімін табу қажет.

Бір қызығы, бизнесмендердің наразылығын тудырған есептеудің жаңа түрі еліміздің басқа өңірлерінде қолданылмайды екен. Мұны мәселені зерттеген кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Шыңғыс Жылқыбаев пікірталас барысында тілге тиек етті. Ал “Севказэнергосбыт” серіктестігінің бас директоры Мағауия Сағандықов мұнымен келіспейді. Ол өзгерістің барлық облысқа қатысы барын айтады.

МАҒАУИЯ САҒАНДЫҚОВ, “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директоры:
–  Министрдің “Тарифтерді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы” №90 бұйрығы қабылдынды. Сол жерде бәрі анық жазылған. Бұйрық биліктен берілгендіктен, мәселенің барлық өңірге қатысы бар. Сосын ауа температурасын да назарға алуымыз қажет. Биыл өткен жылға қарағанда суық. Бұл да төлемнің артуына алып келді.

Мағауия Сағандықов өзгеріс жайлы кәсіпкерлерге жалпы хабарландыру жасалмағанын айтады. Серіктестік өкілдері тек өзіне жүгінгендерге ақпарат беріпті. Мұны тарифтер бойынша республикалық кеңестің сарапшысы Александр Казанцев заңғы қайшы әрекет деп санады.

АЛЕКСАНДР КАЗАНЦЕВ, СҚО ТМРКД тарифтер бойынша республикалық кеңестің сарапшысы:
–  Тариф кенеттен біржақты өзгергеніне көзіміз жетіп отыр. Заң бойынша өзгеріс тұтынушыға алдын ала хабарлануы қажет. Құқық бұзушылық орын алды деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл жерде заңгерлер сот арқылы шешімге шағым білдіре алады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
–  Тараптардың айтары көп. Әрқайсысы өзінің дұрыстығын дәлелдеп әлек. Бұл мәселе бүгін шешілмейтінін түсіндік. Алдағы уақытта өзге органдарда, өзге жиындарда кең ауқымда талқылануы мүмкін. Біз өз кезегімізде бизнесмендердің базынасын назарда ұстайтын боламыз.


Байболат Култанов