ТЖ

Бексейіт ауылының тұрғыны өрттен көз жұмды

Қаңтардың 27-сі күні Мамлют ауданындағы Бексейіт ауылында жеке тұрғын үй өрттенді. Салдарынан 30 жастағы отағасы көз жұмды. От пеш жағатын бөлмеде таңғы 5-тер шамасында бас көтерген. Алайда, тілсіз жаудың неден шыққаны әлі анықталмапты. Мамлют аудандық ТЖ бөлімінің бастығы Амир Бекчентаевтің сөзінше, ер адам қызыл жалыннан жұбайы мен 2 кішкентай баласын алып шыққан. Өзі неге екені белгісіз қайтадан ішке кіріпті. Өкінішке қарай, далада күткен жанұясына оралмаған.

АМИР БЕКЧЕНТАЕВ, Мамлют аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:
– Жыл басынан бері Мамлют ауданында 2 өрт оқиғасы орын алды. Салдарынан 1 адам көз жұмды. Қызыл жалын көбінесе жеке тұрғын үйлерде орын алып жатады. Өрттің негізгі себебі – электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау.

Өңірімізге келетін болсақ, жыл басынан бері облыста 44 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7 пайызға көп. Өкінішке қарай, қызыл жалынның кесірінен 7 адам көз жұмған, ал газдан 8 тұрғын уланып, біреуі ажал құшқан.

АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
– Бүгінгі күнге дейін тұрғын үйлерде рейдтік іс-шара жүргіздік. Өрт қауіпсіздігі айлығы шеңберінде 6 мыңға жуық баспананы аралап шықтық. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерімен бірігіп, ішімдікке жақын 400-ге тарта отбасыға барып, 8 мыңнан астам жаднама тараттық.

Мамандар 38 мектепте оқушылар арасында да жиын өткізіпті. Құтқарушылар ата-аналардан балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударуды сұрайды.


Гульден Симбаева