Қоғам

200-ге жуық кәсіпкер «Атамекен Қызылжар» МҚҰ арқылы жеңілдікпен несие рәсімдеді

Өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау бойынша 105 өтініш келіп түскен. Оның 36 пайызы оң шешім тапқан көрінеді. Осы ретте айта кетейік, 2020-2022 жылдар аралығында жергілікті кәсіпкерлердің құқықтары 804 млн теңгеден астам сомаға қорғалған. Сондай-ақ, өңірде іскер жандардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес те белсенді жұмыс істеуде. Нәтижесінде өткен жылы 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

ТИМУР БЕКЕЕВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры
– Біздің өңірде 14 бірдей кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы
жұмыс істейді. Өткен жылы бұл орталықтардағы мамандар 9 мыңға жуық жерлесімізге қызмет көрсетіп, кеңес берген.

2 жыл бұрын облыстық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған «Атамекен Қызылжар» микроқаржы ұйымы жайлы да айта кетейік. Өткен жылы бұл ұйым арқылы 200-ге жуық солтүстікқазақстандыққа 1 млрд 132 млн теңгенің жеңілдетілген несиесі беріліпті. Қаржыға қол жеткізген жандардың көбі кәсіптерін кеңейткен. Кейбіреулері жаңадан іс ашқан. Жалпы, қаржыландырудың орташа сомасы 5,5 млн теңгені құрады. Нәтижесінде 112 теріскейлік екі қолға бір күрек тапқан. Алдағы уақытта тағы қосымша 55 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

ТИМУР БЕКЕЕВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры
– Біздің өңірдің ерекшелігін ескере отырып, облыстық кәсіпкерлер палатасы аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытумен де айналысады. 2022 жылы екі блоктан тұратын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге арналған 42 онлайн-семинар өткізілді. Осы кезеңде облыстың 15 кәсіпорны, оның ішінде 8 тауарлы-сүт фермасы, 5 құс фабрикасы және 2 ет өңдеуші кәсіпорын арнайы комиссияның қорытындысын алды. Бұл іскер жандарға мемлекеттік қолдауға үміткер болуға мүмкіндік беріп отыр.

Айта кетейік, облыстық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған салалық комитет де белсенді жұмыс атқаруда. Өткен жылы мамандар 7 отырыс өткізіп, 11 мәселені қарастырған.


Дана Ешкенова