Қоғам

Үкіметте шетелдік инвестиция тарту жоспарлары талқыланды

Еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысын өткізді. Жиында негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша өткен жылғы жұмыс қорытындылары мен жоспарлар таныстырылды. Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров былтыр негізгі капиталға салынған инвестициялар мөлшері 15,1 трлн теңгені құрағанын хабарлады. Өсім жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау сынды салаларда байқалған. Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров тікелей шетелдік инвестицияларды тарту көлемі өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша $22,1 млрд-ты құрағанын баяндады. Бұл 2021-дің сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға көп. Шетелдіктердің қатысумен 46 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Премьер-Министр 2023 жылы экономикаға кемінде $24,4 млрд шетелдік инвестиция тарту міндеті тұрғанын, ол үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті.


Алтынай Казиканова