Қоғам

Серіктестіктің жоспары – 3,5 мың кабинетті корпустық жиһазбен қамту

Цех ішіндегі шудан құлақ тұнады. Бұл жерде корпустық жиһаз бен металл жақтауларын әзірлейтін “Регион 715” серіктестігінің мамандары білек сыбана жұмыс істеп жатыр. Бірі өлшейді, екіншісі кеседі, ал үшіншісі материалды жинауға жібереді. Мұндағы шаруаның басым бөлігін италиялық заманауи қондырғылар атқарады. Тиісінше, аз уақыттың ішінде сапалы өнім тапсырыс берушіге жол тартады.

АЛЕКСАНДРА РУСИНА, “Регион 715” ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:
–  Компанияның бұл салада 15 жылдан аса тәжірибесі бар. Біз балабақшаларды, мектептерді, университеттерді корпустық жиһазбен қамтамасыз етеміз. Тауарымызға сұраныс өте жоғары. Оған өткен жылы тіркелген статистика дәлел. Былтыр біздің серіктестік Қазақстанның бүкіл аймағына жиһаз саудалап, 2 мыңнан астам арнайы кабинетті жабдықтады. Олардың ішінде STEM-зертханалар да бар.

Еліміздің 17 өңіріне сатылған тауардың басты артықшылығы – заманауилығында. Мысалы, бұл – қарапайым орындық. Бірақ, оның бірқатар артықшылығы бар.

Жақында серіктестікке тағы бір италиялық қондырғы жеткізілмек. Оның іске қосылуымен өндіріс көлемі артады. Жоспар құрылған. Биыл компания басшылығы ел бойынша 3 жарым мың кабинетті мынандай дүниелермен жабдықтауға ниетті. Ал болашақта өңірімізде “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында тұрғызылатын білім ошақтарына өз өнімдерін қойғысы келеді.

АЛЕКСАНДРА РУСИНА, “Регион 715” ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:
–  “Жайлы мектеп” ұлттық жобасына дайындықты бастап кеттік. Бұл бағдарлама қатысушыларынан сапа мен заманауилық талап етілетіндігі түсінікті. Сондықтан, біз қазірден әзірленіп жатырмыз. Міндетті түрде қатысамыз. Өз өнімдерімізді еліміздің әр аймағына саудалағымыз келеді.

Жалпы ақпармен бөлісейік. 2023-2025 жылдар аралығында Қазақстанда “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында 401 білім ошағын салу көзделген. Оның 4-еуі аққайыңдар өлкесінде тұрғызылмақ.

МАГАМЕД ДУДАЕВ, СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:
–  “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы Президенттің тапсырмасы аясында қолға алынғалы отыр. Бұл бастаманың арқасында 3 ауысымда оқу, апаттық жағдайдағы білім ұялары пен орын тапшылығы мәселесі шешіледі. Мектептер заманауи қондырғылармен және индустриялдық сертификаты бар отандық компаниялардың корпустық жиһазымен қамтылады. Қазіргі таңда біздің өңірде мұндай 2 серіктестік жұмыс істейді.

“Жайлы мектеп” ұлттық жобасын жүзеге асыру үшін ел қазынасынан 2,6 трлн теңге бөлінеді. Оның 3/1 бөлігі қондырғылар мен жиһаз сатып алуға жұмсалмақ.


Байболат Култанов