Аптадағы маңызды жаңалықтар

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов өңірдегі нысандарды аралады

Өңірге жұмыс сапарымен Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов келді. Ол алдымен «Қызылжар сүт» серіктестігінің тауарлы-сүт фермасына барып, Чапаеводағы нысанның тыныс-тіршілігімен танысты.

 

ОЛЖАС БЕКТАСОВ, «Қызылжар сүт» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– Бүгінгі таңда 50-ге жуық қызметкер тұрақты түрде еңбек етеді. Жемшөп дайындайтын маусымда тізім 100-ге дейін толығады.

Алтай Көлгіновке «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысы да таныстырылды. Биыл мамандар 20 жобаға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде, 2,5 мың жұмыс орны құрылмақ. Сәйкесінше, бұл халықтың кірісін арттыруға септеседі.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЕСДӘУЛЕТОВ, «Солтүстік» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы:
– Осы жобалардың аясында 13 мыңнан астам ірі қара сатып алынады. Тағы 6 мың қой алу көзделген. 66 мың тонна сүт, 16,5 мың тонна ет, одан кейін 3 мың тонна көкөніс өндірілмек. Жобалар іске асырылса, кәсіпорындардың жүктемесі 92 пайызға жетеді.

Осы жылы өңірде 12 тауарлы-сүт кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда. Құс фабрикалары мен көкөніс сақтау қоймаларының саны екеуге көбеймек. Майлы дақылдарды қайта өңдеу жөніндегі жоба қолға алынады. Инвестицияның жалпы сомасы 63 млрд тенгені құрайды. Алтай Көлгінов аталған жобаларды жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті.

АЛТАЙ КӨЛГІНОВ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
– Біздің мақсатымыз – аудандағы тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету. Соған қолдау көрсетсек. Ірі шаруа қожалықтары өз тәжірибелерімен бөліссе.

Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары жергілікті кәсіпкерлермен жүздесіп, «Ауыл аманаты» жобасы жайлы ақпарат берді. Ағайынның тұрмыс сапасын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарлама арқылы шағын несие рәсімдеуге болады.

АЛТАЙ КӨЛГІНОВ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
–  7,8 млн теңгеге дейін беріледі. Кооперация болып біріксе, техника алатын болса, оған да жеңілдетілген қолдау бар. Бүкіл ауданға, облыстарға қаражат бөлінді.

Шағын несиелендірудің қызығын көрген жандардың бірі – Бақыт Сейілова. Бескөлдік кәсіпкер 2 қабатты нысан салып, 5 жаңа жұмыс орнын құрған. Оның ішінде ателье, әйелдер киімін сататын дүкен, сұлулық салоны бар. Нәзікжанды бос тұрған орындарды жас кәсіпкерлерге жалға береді екен.

БАҚЫТ СЕЙІЛОВА, жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:
–  Кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау үшін мемлекетке алғысымды айтқым келеді. Қазір қаншама бағдарлама қолжетімді. Осының арқасында ауылдық округтердегі іскерлер өз істерін дөңгелетуде. Мұнымен тоқтап қалмаймын, алға қойған жоспарлар ауқымды.

Осыдан соң Алтай Көлгінов пен Айдарбек Сапаров Жас өркендегі емхананың құрылысын көріп қайтты.

Келесі нысан – Қозыбаев университетінің жаңа оқу-лабораториялық корпусы. Ерлан Шұлановтың сөзінше, Аризона университетінің өкілдері студент санын 5-6 мыңға дейін көбейтуді көздеп отыр.

ЕРЛАН ШҰЛАНОВ, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы-ректоры:
–  Біз 1200 орындық жатақхана бойынша қолдау көрсетілсе екен дейміз. Нысан ендігі жылы қолданысқа берілмек.

Бұдан кейін жиналғандар облыстық көпбейінді ауруханының құрылысын байқады. Жұмыстың 45 пайызы орындалыпты. Мән-жаймен танысқан Алтай Көлгінов шаруаны жалғастыру үшін барлығын қайта есептеп, жобалық-сметалық құжаттаманы сапалы түрде пысықтау керектігін айтты.


Алтынай Казиканова