Мәдениет

Петропавлда елордалық әртістер өнер көрсетті

Петропавлда Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының әртістері өнер көрсетті. Елордалық меймандар жергілікті өнерсүйер қауымды ерекше әуендермен тамсандырды.


Елордадан келген Үрлемелі аспаптар оркестрі мен Камералық хордың мүшелері жергілікті филармонияда тұрғындарға «Game evolution» авторлық бағдарламасын ұсынды.
Бағдарлама 90-шы жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі компьютерлік ойындардың танымал саундтректерінен тұрады. Компьютерлік ойындардың әуендері – бұл ерекше назар аударуға лайық музыка, дейді оркестрдің көркемдік жетекшісі Никита Почиталин.

Никита Почиталин, Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы үрлемелі аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, Астана қаласы
– Кеш бағдарламасында «Dota 2», «Sonic», «PUBG», «Ori and the blind forest», «Street fighter» секілді ойындардың әуені бар. Бұл музыка жастарға жақсы таныс деп ойлаймын. Біздің басты мақсатымыз – өскелең ұрпақтың музыкаға деген қызығушылығын арттыру. Компьютерлік ойындардың әуенін адам оңай қабылдайды.

Елордалық шығармашылық ұжымдар Петропавлға алғаш рет келіп отыр. Олардың өнерін солтүстікқазақстандықтар ерекше ықыласпен тыңдады.

Жалпы, ерекше концертті тамашалауға көбіне жастар қауымы келген. Олар іс-шарадан алған әсерлерімен бөлісті.

 – Бүгінгі концерттен жақсы әсер алдым. Танымал әуендермен қатар, бұған дейін естімеген саунтректерді де естідім. Болашақта әлі осындай іс-шараларда кездесеміз деп ойлаймын.
–  Осы концерттен керемет әсер алдым. Астана филармониясы мен Камералық хор өздерінің мықты әртістер екенін дәлелдеді.

Қос ұжым Қызылжарға мамыр айында тағы бір рет келмек. Онда
елордалық меймандар солтүстікқазақстандықтарға су жаңа бағдарлама ұсынбақ.


Дана Ешкенова