Қоғам

Сарбаздар Отан алдында адал қызмет етуге ант берді

 

Қаз-қатар сап түзеген бұл жігіттердің мақсаттары бір. Жалынды жастар Отан алдындағы борыштарын өтеуге ниетті. Сол үшін де осыдан 40 күн бұрын олар еліміздің түкпір-түкпірінен Солтүстік Қазақстанға келіпті. Осы уақыт аралығында оқу пунктінде оқытудан өткен жігіттер қазір ант қабылдамақ.

Барлығы – 162 сарбаз. Бір жыл бойы олар 6637 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтемек. Аса маңызды шараға тепсе темір үзер жастардың ата аналары да алыстан ат терлетіп келген.

– Тараз облысы Қордай ауданынан келіп отырмыз. Қайныма келіп отырмын. Әскерге шақырды, өзінің қалауы бойынша азаматтық борышын өтеуге келді.
–  Қызылорда қаласынан келіп тұрмыз. Бүгін бауырым ант қабылдауда. Бұл – әр азаматтың мойнындағы міндеті. Бауырымды мақтан тұтамын.
– Баламның амандығын тілеймін. Сарбаздар аман-есен әскери борышын өтеп, үйлеріне оралсын.

Сарбаздар – 5 облыстың тумалары. Енді олар солтүстікте 1 жыл көлемінде қолға қару ұстауды үйреніп, тактикалық сабақтарды оқиды. Сондай-ақ, облысымыз бен шаһардағы қоғамдық тәртіпті сақтауға ат салысады. Яғни, көшелерде кезекшілік атқарады. Дулат Жолдығалиев Отан алдындағы борышын өтеу үшін өңірге Алматы облысындағы Қаскелең қаласынан келіп отыр. Колледжді тәмамдап, дипломын қолына алған жас әскерге баруды да өз алдына міндет санапты.

ДУЛАТ ЖОЛДЫҒАЛИЕВ, қатардағы жауынгер:
–  Бүгін әскери ант қабылдап, өзімнің егеменді мемлекетімді қорғауға ант бердім. Әскери қызметті өтеуге өзім ниет білдірдім. Бұл әрбір қазақ жігіттерінің парызы деп санаймын. Әскери антты қабылдағаныма өте қуаныштымын.

Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде өзге өңірлерден келген 1200 жас Отан алдындағы борышын өтеуде.


Алдияр Айтпаев