Мәдениет

Қазақ театрының ұжымы гастрөлдік сапармен аудандарды аралауда

ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші
– С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ұжымы «Ауыл-елдің рухы» атты гастрөлдік сапарларын бастап кетті. Театр ұжымы аудандарды аралап, ауылдық өнерсүйер қауымға өз өнерлерін паш етеді. Актерлер ең бірінші болып Айыртау ауданына жол тартты. Бір айта кететіні, қойылымдарды тамашалау тегін.

Көрермендерің назарына 2 қойылым ұсынылады. “Қаңбақ шал” ертегісі – балаларға базарлық, ал ересектер үшін “Қарапайым адам” комедиясы қойылады. Неге дәл осы екеуі, өйткені, “Қаңбақ шал” мен “Қарапайым адам” спектакльдеріне тұрғындардың көңілі ерекше. Гастрөлдік сапарларын Айыртаудан бастаған актерлер ертең Тайыншаға жол тартады.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:
–  Біздің театрдың мақсаты – аудандардың барлығын аралау. Кейбір ауыл-аудан тұрғындары біздің қойылымдарымызға келе алмайды. Сол себепті, өзіміз барып тұрғындарға көңіл-күй сыйлауды шештік. Аудан орталықтарында арнайы қойылымдарымызды көрсетіп, жақсы бір әсерде қалады деген ойдамыз.

Театр ұжымында 12 актер бар. Соның төртеуі – былтыр келген жаңа толқын. Театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаровтың айтуынша, жас актерлер әзірге шағын рөлдерді сомдауда. Репертуарда барлығы – 20 спектакль бар. Өнер ұжымы қойылымдарды жыл сайын жаңартып отырады.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.Мұқанова атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:
– Бұрын қойылып кеткен қойылымдарымызды жаңарту мақсатында бастамаларымызды бастап жатырмыз. Халықтың сұранысына ие спектакльдерімізді қайтадан бір жаңарту мақсатында дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.  С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры – республика көлемінде алдыңғы қатарда тұрған театрдың бірі. Қаншама фестивальдерге қатыстық. Біраз жетістіктерге жеттік.

Осы жылы театр ұжымы өнерсүйер қауымға жаңа 5 спектакль ұсынады.
Оның 2-еуі кішкентай көрермендерге арналған.


Гульден Симбаева